Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімова қыздары Рәбия Сұлтанның тұсауын кестірді

Жарияланды 13 Тамыз 2026 09:26

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
Фото: видеодан скрин

Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімова отбасында айтулы қуаныш өтті. Өнерлі жұп өздерінің бесінші қызы – Рәбия Сұлтанның тұсауын кестіріп, ұлттық салт-дәстүрді ұлықтады.

Жұлдыз Әбдікәрімова әлеуметтік желідегі жеке парақшасында бұл маңызды күннен әсерлі жазба бөлісіп, қазақтың тұсаукесер салтындағы әрбір детальдың терең мән-маңызына тоқталды.

Актрисаның айтуынша, дәстүр бойынша бүлдіршін жерге жалаңаяқ тұрғызылған: 

«Табанымен көкті басып, жер қуатын алып, жылуын сезініп, тіршілігін жалғастырсын. Әр қадамың Жер-анаға аманат! Бұл – сенің тағдырыңның бастауы. Салтымызды сақтап, дәстүрді жалғап, Рәбия Сұлтанның тұсау кесу рәсімін жасадық», – деп түйіндеді Жұлдыз Әбдікәрімова.

Тай-тай басқан баланың тұсауын журналист Динара Сәтжан кесті. Қуанышты жаңалықты естіген оқырмандар мен желі қолданушылары кішкентай Рәбия Сұлтанға ақ тілектерін жаудырып, қадамына сәттілік тіледі.

Дегенмен, тұсауды кесуге таңдалған адамға қатысты оқырмандар арасында түрлі пікірлер туындады. Кейбір желі қолданушылары мұндай жауапты әрі қасиетті рәсімді орындау аға буын өкілдеріне — Рәбия Сұлтанның әжесіне немесе енесіне көбірек лайық екенін алға тартты.

Сондай-ақ оқыңыз