Қазақстанда қанша адамның бірнеше пәтері бар

Жарияланды 13 Тамыз 2026 16:53

Елбол Қаримов

Елбол Қаримов

Business News бөлімінің журналисі
Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Квартиры
Қанша адамның бірнеше пәтер бар / Фото: shutterstock

Қазақстанда 934 мыңға жуық адамның екі баспанасы болса, тағы 219 мың адам үш пәтерге иелік етеді. Бұл мәліметті «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова Taldau Talks подкасты барысында келтірді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Оның сөзінше, Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрында 5,5 миллионға жуық қазақстандықтың жылжымайтын мүлікке құқығы тіркелген. Меншік иелерінің басым бөлігі, яғни 78%-ы – тек бір баспанаға иелік етеді.

Сонымен бірге 82 мыңға жуық адамның төрт-бес пәтері бар. Тағы 17 мың қазақстандық алтыдан онға дейінгі баспананың иесі.

«Біздің елде екі пәтері бар азаматтардың саны миллионға жуықтайды, дәлірек айтқанда – 934 мың. Үш пәтері барлар – 219 мың адам. Бұл қуанатын жағдай, өйткені қалыптасып келе жатқан орта тап», – деді Ибрагимова.

Төраға келтірген деректерге сәйкес, Қазақстанның жалпы тұрғын үй қоры көппәтерлі тұрғын үй кешендеріндегі 6,2 миллионға жуық пәтерді және 2,3 миллион жеке тұрғын үйді қамтиды.

Қанша тұрғын баспанаға мұқтаж?

Ибрагимова баспанаға мұқтаж ретінде тіркелген азаматтарға жеке тоқталды. Оның айтуынша, тиісті ақпараттық жүйеде қазіргі уақытта 1 182 504 адам тіркеуде тұр.

2025 жылдың 24 мамырынан бастап бұл базаға баспанасы жоқ кез келген Қазақстан азаматы тіркеле алады. Бұрын кезек жекелеген санаттар бойынша құрылатын, олардың қатарына мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйым қызметкерлері де кіретін.

Жаңа жүйеге 600 мыңға жуық адам «Отбасы банк» әкімдіктерден қабылдап алған бұрынғы кезектен ауыстырылды. Ибрагимова бастапқыда берілген тізімде 650 мыңға жуық адам болғанын айтты. Ақпараттың бір бөлігі цифрландырылмаған күйде сақталған, ал мәліметтерде ЖСН, тегі, аты мен әкесінің атында қателіктер кездескен.

Түгендеуден кейін 200 мыңға жуық адам кезектен шығарылды. Банк басшысының айтуынша, олардың көбінің бұған дейін де баспанасы болған немесе бұрын жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларға, я болмаса жалға берілетін тұрғын үй бағдарламаларына қатысқан.

Мемлекеттік қолдау көрсету кезінде банк отбасының табысын да ескереді. Ибрагимованың сөзінше, маңызды критерийлердің бірі – отбасының бір мүшесіне шаққандағы табыс деңгейі.

Баспанаға деген сұраныс арта береді

«Отбасы банк» басшысы тұрғын үйге деген жоғары сұранысты, ең алдымен, демографиямен байланыстырады. Ол келтірген дерекке сәйкес, Қазақстан халқының орташа жасы – 29 жас. Банк есебі Қазақстандағы демографиялық құрылым таяу бес жылда да жылжымайтын мүлікке деген жоғары сұранысты сақтап тұратынын көрсетеді.

Ибрагимова 2000 жылы Қазақстанда 270 мыңға жуық бала дүниеге келсе, 2007 жылы бұл көрсеткіш шамамен 360 мыңға жеткенін атап өтті. Қазір 2000 жылдары туған ұрпақ біртіндеп тұрғын үй нарығына шығып жатыр.

«Қазақстанда баспанаға деген сұраныс артады, ол қазір де бар және жыл сайын арта түседі», – деп мәлімдеді банк басшысы.

Оған дәлел ретінде жыл сайын «Отбасы банктен» бір миллионға жуық жаңа шот ашылатынын, сонымен бірге салымшылардың орташа жасы төмендеп келетінін айтып өтті.

Туу көрсеткіші мен пәтер сату арасындағы байланыс

Қаржы ұйымының басшысы сонымен қатар банк жүргізген зерттеу туралы айтып берді. Ол зерттеу туу көрсеткіші мен жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелерінің саны арасында байланыс бар екенін көрсеткен.

Оның айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңде туған балалардың саны тұрғын үй мәмілелерінің санымен шамалас болған. Банкте бұны отбасының өмірлік циклімен байланыстырады: шаңырақ көтергеннен кейін алғашқы пәтерге деген қажеттілік туындайды, ал балалардың өмірге келуімен баспана ауданына қойылатын талап та өзгереді.

Бұл ретте Қазақстанда жыл сайын 20 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ибрагимованың сөзінше, соңғы жылы бұл шамамен 170 мың жаңа пәтерге сәйкес келді.

Сонымен бірге «Отбасы банк» басшысы өңірлер арасындағы айтарлықтай айырмашылықтарға назар аудартты. Ұсынылған деректерге сәйкес, Астанада бұрыннан тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейі жан басына 32 шаршы метрден асады.

Мұнымен қоса, жылжымайтын мүліктің құны да айтарлықтай ерекшеленеді. Ибрагимова Астанадағы шаршы метрдің орташа құны соңғы жылдары шамамен 700 мың теңгеге жеткенін, ал Оралда бұл көрсеткіш шамамен 360 мың теңгені құрайтынын мысалға келтірді.

Тамыздың соңына қарай Отбасы банк «Ұмай» бағдарламасына өтініш қабылдайды. Аталмыш бағдарлама арқылы тек 2016 жылдан бері салынған үйлерден пәтер алуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз