
Қазақстандағы америкалық банк – «Ситибанк Қазақстан» басшыларына былтыр 500 млн теңгеге жуық сыйақы төледі. Бұл туралы қаржы есептілігі депозитарийінде жазылған, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Ресми ақпаратқа сәйкес, төрт адамнан тұратын басқарма мүшелері 2025 жылы 492,8 млн теңге алған. Банкті Сәуле Жакаева, Павел Ушаков, Айжан Сүйгенбаева, Арыстан Молдабеков басқарып отыр.
2025 жылы банк топ-менеджерлер алған сыйақы көлемі бірден 23 пайызға өскен. 2024 жылы банк басшыларына 402,7 млн теңге төлеген.
«Ситибанк Қазақтан» АҚ – Қазақстанда жұмыс істеп тұрған жалғыз америкалық банк. Оның акцияларының 100%-ы Citibank N.A. банкіне тиесілі. Қаржы ұйымы корпоративтік клиенттер, қаржы институттары және ұлттық компанияларға банктік қызмет түрлерін ұсынады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша банктің активтері 1,2 трлн теңгені құрап, елдегі банктер арасында 13-орынға орнықты. Меншікті капиталы 18%-ға азайып, 91,4 млрд теңгеге дейін төмендеді. Ал таза пайдасы алдыңғы жылғы 98,6 млрд теңгемен салыстырғанда 78,1 млрд теңгені құраған.
Бұған дейін миллардер Болат Өтемұратовқа тиесілі Home Credit Bank топ-менеджерлеріне 1,3 млрд теңге төлегені белгілі болған.