Шымкентке ақша аз кіріп жатыр: инвестиция 14% төмендеді

Жарияланды 17 Тамыз 2026 15:10

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Өңірлер қаншалықты инвестиция тартып жатыр / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қазақстанда инвестиция өсіп жатыр. Бірақ республика бойынша орташа көрсеткішке қарап, барлық өңірде құрылыс қызып, жаңа өндірістер ашылып жатыр деп ойлап қалуға болады.

Шын мәнінде жағдай сәл күрделірек. 2026 жылдың қаңтар–шілдесінде Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестицияның нақты көлемі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 7,7% өсті. Экономика үшін бұл жақсы сигнал: бизнес пен мемлекет ғимаратқа, техникаға, инфрақұрылымға және өндірістік қуаттарға былтырғыдан көбірек қаржы салып жатыр.

Бірақ орташа 7,7%-дың ішіне үңілсеңіз, Қазақстанның инвестициялық картасы екіге бөлінгендей әсер қалады.

Ең үлкен өсім Ұлытау облысында тіркелді. Мұнда жеті айдағы инвестиция былтырғыдан 94,4% көп. Яғни бір жылдың ішінде көлемі екі есеге жуық артқан. Жамбыл облысында өсім 56,4%, Түркістан облысында 37,5% болды.

Өңірлердегі инвестиция қалай өзгерді?
2026 жылғы қаңтар–шілде / 2025 жылғы қаңтар–шілде
ҚАЗАҚСТАН +7,7%
Ұлытау облысы
+94,4%
Жамбыл облысы
+56,4%
Түркістан облысы
+37,5%
Алматы облысы
+16,4%
Абай облысы
+16,1%
Батыс Қазақстан облысы
+13,3%
Павлодар облысы
+11,9%
Қызылорда облысы
+6,1%
Шығыс Қазақстан облысы
+5,2%
Қостанай облысы
+4,6%
Алматы қаласы
+4,6%
Атырау облысы
+3,7%
Астана қаласы
+2,7%
Ақмола облысы
+2,3%
Солтүстік Қазақстан облысы
+1,8%
Ақтөбе облысы
0,0%
Маңғыстау облысы
−4,5%
Қарағанды облысы
−10,4%
Шымкент қаласы
−14,0%
Жетісу облысы
−24,5%
Дереккөз: ҚР Ұлттық статистика бюросы
Инфографика: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Үш өңірдің көрсеткіші республикалық орташа деңгейден бірнеше есе жоғары.

Бұл жерде бір нәрсені ескеру керек. Инвестиция халықтың табысы немесе дүкендегі сауда сияқты экономикаға біркелкі таралатын көрсеткіш емес. Бір үлкен зауыттың құрылысы, кен орнына салынған қаржы немесе ірі инфрақұрылымдық жоба бір облыстың статистикасын бірден жоғары көтере алады. Сондықтан Ұлытаудағы +94,4% бүкіл өңір бизнесі бір жылда екі есе белсенді болды дегенді білдірмейді. Бірақ ол сол аймаққа ірі көлемде капитал кіріп жатқанын көрсетеді. Мәселе де осында.

Шымкентте инвестиция азайды

Республика бойынша инвестиция 7,7% өскенімен, барлық өңір бұл өсімге қатысып отырған жоқ. Мысалы, Жетісу облысында қаңтар–шілдеде инвестиция былтырғы сәйкес кезеңнен 24,5% азайды. Шымкентте төмендеу 14%, Қарағанды облысында 10,4% болды.

Яғни бір Қазақстанда екі түрлі инвестициялық жағдай қалыптасып отыр: бір өңірде ақша ағыны екі есеге жуық көбейсе, екіншісінде былтырғы көлемнің өзін ұстап тұру қиын.

Ұлытау, Жамбыл немесе Түркістандағы жоғары өсім республикалық көрсеткішті жоғары тартады. Бірақ +7,7% деген орташа сан Жетісу мен Қарағандыдағы төмендеуді жоққа шығармайды.

Тағы да оқыңыз →
Жыл басынан бері Қазақстанда 220 мың жеке кәсіпкер нарықтан кетті
Сондай-ақ оқыңыз