
Қазақстанда кешірілген кредит үшін жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу тәртібі өзгеруі мүмкін. Қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, банк қарызды кешіргенде, ол сома азаматтың табысы болып саналады. Содан кейін заң бойынша одан салық ұсталады. Қазіргі уақытта бұл салықтан тек сирек жағдайларда ғана босату көзделген.
Салық Кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 25-ші отырысында осы мәселе талқыланған.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен азаматтар қарызын есептен шығарғанда, жеке табыс салығын төлемеуі тиіс деп тұжырымдайды.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы мүлдем қайтарылмаған несиені, соның ішінде алаяқтар рәсімдеп жіберген қарызды кешіргенде, осы салықтан толық босатуды ұсынған. Үкіметте бұл бастама қолдау тапты. Әсіресе, алаяқтардан зардап шеккендер мен шын мәнінде тығырыққа тірелген жандарға салық салмау туралы мемлекет ұстанымы айқын көрсетілді.
Салық жеңілдігі кімдерге берілмейді?
Егер банк өзінің коммерциялық мүддесі үшін, яғни балансын реттеу мен провизияларын тарату мақсатында қарызды есептен шығарса, мемлекеттік бюджет салық түсімінен айырылмауы тиіс.
Бұл ретте коммерциялық тәуекел мен азаматтардың басына түскен ауыртпалықты бір-бірінен айыра білу маңызды.
Ауыр өмірлік жағдайдың нақты критерийлері бекітіледі
Енді мемлекеттік органдар Агенттікпен бірлесіп, қандай жағдайда салық төленбейтінін заңнамалық негізде бекітпек. Ондай жағдайлардың қатарына мүгедектік, денсаулық жағдайына байланысты жұмыс істей алмау, азаматтың атында ешқандай мүлік және табыстың болмауы жатады.
Осы талаптар толық нақтыланған соң, тиісті есеп жүргізіліп, соңғы шешім Үкіметтің келесі отырысында ұсынылады.
Бұған дейін жеке тұлғалар үшін базалық салық шегерімін қолдану тәртібі бекітілді. Салық кодексіне сәйкес, бұл жеңілдіктің мөлшері айына 30 АЕК (129 750 тең) құрайды, ал күнтізбелік жылға арналған жалпы шегі 360 АЕК-тен (1 557 000 теңге) аспауға тиіс.