
Алматы мен Алматы облысында жылжымайтын мүлік түрлерінің ішінде қоймаға сұраныс күрт өсті. 2026 жылдың алғашқы алты айында-ақ жалға берілген және сатылған қойма алаңы былтырғы жылдың нәтижесінен асып түсті, деп жазады Kursiv.Media.
Bright Rich | CORFAC International дерегінше, 2026 жылдың бірінші жартысында Алматы өңірінде қоймаға сұраныс 136,3 мың шаршы метрге жеткен. Бұл 2025 жылдың қаңтар-маусымындағы 66,7 мың шаршы метрмен салыстырғанда екі еседен астам көп.
Бұдан бөлек, биылғы алты айдағы көрсеткіш 2025 жылдың толық нәтижесінен 40,7%-ға жоғары. Былтыр Алматы мен Алматы облысында барлығы 96,8 мың шаршы метр қойма алаңы сатылған немесе жалға берілген.
Қойманы кімдер алып жатыр?
Нарықтағы негізгі сұранысты логистикалық компаниялар қалыптастырып отыр. Олардың үлесіне барлық мәміленің 32%-ы тиесілі. Одан кейін сауда желілеріне – 27%, интернет-ритейлерлерге – 24% үлес тиеді.
Яғни қоймаға деген сұраныстың басым бөлігі тауарды сақтау, сұрыптау және тұтынушыға жылдам жеткізуге тікелей байланысты салалардан келіп отыр.
Ең көп сұраныс Іле ауданында
Қойма нарығындағы мәмілелердің географиясы да біркелкі емес. Ең үлкен үлес Алматы облысының Іле ауданына – 37% тиесілі. Ал Алматы қаласындағы Алатау ауданы – 19%, Түрксіб ауданы – 16%.
Бұл аудандардың танымал болуына индустриялық нысандардың шоғырлануы, ірі көлік бағыттарына жақындығы және жаңа қойма алаңдарының болуы әсер етіп отыр.
Bright Rich | CORFAC International компаниясының Қазақстан және БАӘ бойынша аналитика және консалтинг директоры Галия Омарованың айтуынша, нарықтың өсуіне қатарынан бірнеше фактор ықпал етіп жатыр.
Олардың ішінде ішкі тұтынудың артуы, транзиттік тасымал көлемінің өсуі және онлайн-сауданың дамуы бар. Сонымен бірге Алматы өңірін халықаралық компаниялар Орталық Азия елдеріне шығуға ыңғайлы логистикалық хаб ретінде қарастыра бастаған.
Сарапшының пікірінше, нарықтағы жоғары белсенділік бос қоймалардың біртіндеп толуына алып келеді. Бұл алдағы уақытта жалға алу бағасының өсуіне жағдай жасауы мүмкін.
Қойма көп салынды, бірақ бос орын азайып жатыр
Шілде айының басындағы жағдай бойынша Алматы мен Алматы облысында 145,1 мың шаршы метр бос қойма алаңы болған. Бұл нарықтағы жалпы ұсыныстың 12,2%-ына тең.
Бос алаң үлесінің әлі де жоғары болуы соңғы жылдары қойма құрылысының күрт өсуімен байланысты. Соңғы бір жарым жылдың ішінде өңірде 379,2 мың шаршы метр жаңа қойма пайдалануға берілген.
Алайда жаңа нысандардың көптеп салынуына қарамастан, сұраныс ұсыныстан асып барады.
2026 жылдың басынан бері Алматы мен Алматы облысындағы бос қоймалардың үлесі 2,9 пайыздық тармаққа төмендеген.
Бұл нарықтағы ұсыныс пен сұраныстың қайта теңесіп келе жатқанын көрсетеді. Егер қазіргі қарқын сақталса, Алматы өңірінде сапалы қойма табу қиындап, жалдау ақысына қысым күшеюі мүмкін.