iPhone 18 Pro-да не өзгереді: жаңа смартфон туралы негізгі болжамдар

Жарияланды 21 Тамыз 2026 10:05

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
iPhone 18 Pro-ға ықшам Dynamic Island пен реттелетін камера диафрагмасы енгізілуі мүмкін / Фото: PhoneArena

iPhone 18 Pro смартфонында ықшам Dynamic Island, камераның механикалық диафрагмасы және Apple-дың алғашқы 2 нанометрлік процессоры пайда болуы мүмкін. Бұл туралы MobiDevices хабарлады.

Apple әзірге жаңа смартфонды ресми таныстырған жоқ, сондықтан оның сипаттамалары кейін өзгеруі ықтимал. Жаңа топтамада да екі флагмандық модель сақталады деп күтілуде. Кәдімгі Pro нұсқасы шамамен 6,3 дюймдік, ал Pro Max 6,9 дюймдік экранмен жабдықталуы мүмкін.

Dynamic Island қалай өзгереді

Apple компаниясы Face ID жүйесінің бір бөлігін дисплейдің астына жасыруды жоспарлап отыр деген болжам бар. Соның арқасында алдыңғы камера орналасқан аймақ экраннан азырақ орын алады.

Дегенмен бұл өзгеріске қатысты ақпарат әртүрлі. Кей дереккөздер Dynamic Island орнына экранның бұрышында кішкентай ғана тесік қалуы мүмкін екенін айтса, енді бірі қазіргі таныс «таблетка» пішіні сақталып, бірақ шамамен үштен бірге қысқаратынын алға тартады. Қазіргі таңда екінші нұсқа шындыққа жақынырақ деп саналады.

Смартфонның артқы панелінде айтарлықтай өзгеріс күтілмейді. Камера блогы бұрынғыдай үш объективтен тұрады. Алайда оның айналасындағы әйнек бөлігін көзге азырақ түсетіндей етіп өзгертуі мүмкін. Компания корпустың жаңа түстерін де сынақтан өткізіп жатыр. Олардың арасында қою қызыл, күлгін және қоңыр түстер аталады.

Камераға реттелетін диафрагма не үшін қажет

Негізгі камераға елеулі жаңарту дайындалып жатқаны айтылады. Оның ішінде түскен жарық мөлшерін реттейтін қозғалмалы механизм пайда болуы мүмкін.

Мұндай жүйе камераның түрлі жарық жағдайында түсіру мүмкіндігін кеңейтеді. Диафрагманы ашу кешкі уақытта сапалырақ сурет түсіруге және адамды артқы фоннан айқынырақ бөліп көрсетуге мүмкіндік береді. Ал диафрагманы жабу әртүрлі қашықтықта орналасқан бірнеше нысанды анық түсіруге көмектеседі.

Әзірге бұл технологияның екі флагмандық модельге де енгізілетіні белгісіз. Алғашқы кезеңде ол тек iPhone 18 Pro Max моделінде пайда болуы мүмкін.

Сонымен қатар Pro Max нұсқасына жақсартылған телефотообъектив пен 8K форматында видео түсіру мүмкіндігі де болжанып отыр. Бұған дейін бұл өзгерістер камера жүйесі мен Dynamic Island жаңартылуымен байланысты айтылған.

Camera Control батырмасы да өзгеруі мүмкін

Жаңарту Camera Control батырмасына да қатысты болуы ықтимал. Apple оның құрылымын жеңілдетіп, жеке сенсорлық қабатты алып тастауы мүмкін. Дегенмен батырманы басу күшін анықтау функциясы сақталады деп күтіледі.

iPhone 18 Pro-да жаңа A20 Pro чипі болады

iPhone 18 Pro смартфонының негізгі жаңалығының бірі A20 Pro процессоры. Оны өндіру кезінде TSMC алғаш рет 2 нанометрлік технологияны қолдануы мүмкін.

Жаңа чип транзисторларды тығызырақ орналастыру арқылы өнімділікті арттырып, қуат тұтынуды азайтуға бағытталған. Кейбір деректер бойынша, өнімділік 18%-ға артып, энергияны тұтыну 30%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Алайда Apple бұл көрсеткіштерді әзірге растаған жоқ.

Процессор мен жедел жадты бір-біріне жақынырақ орналастыру да жоспарланып отыр. Бұл ақпарат алмасуды жылдамдатып, смартфон ішінде қосымша орын босатуы мүмкін.

Сондай-ақ iPhone 18 Pro-да Apple-дың C2 модемі қолданылуы ықтимал. Одан қуатты аз тұтыну және спутниктік байланыстың мүмкіндіктерін кеңейту күтіледі.

Батареясы да үлкеюі мүмкін

Автономды жұмыс уақыты жағынан iPhone 18 Pro Max алға шығуы мүмкін. Оның аккумуляторының сыйымдылығы 5100 мА·сағаттан асуы ықтимал. Үлкен батареяға байланысты смартфонның корпусы сәл қалыңдауы мүмкін.

iPhone 18 Pro қашан шығады

iPhone 18 Pro және Pro Max модельдерінің тұсаукесері 2026 жылдың қыркүйегінде өтеді деп күтілуде. Apple сол кезде өзінің алғашқы жиналмалы смартфонын да таныстыруы мүмкін.

Ал базалық iPhone 18 және қолжетімді iPhone 18e кейінірек, 2027 жылдың бірінші жартысында сатылымға шығуы ықтимал.

Айта кетейік, жаңа камера модуліне байланысты iPhone 18 Pro және iPhone 18 Pro Max модельдерінің бағасы қымбаттауы мүмкін. Сарапшының айтуынша, реттелетін диафрагмасы бар камераның өзіндік құны қазіргі шешіммен салыстырғанда кемінде 1,5 есе жоғары болады.

Сондай-ақ оқыңыз