Аида Балаева Әуезов театрындағы жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты

Жарияланды 22 Тамыз 2026 11:18

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
Әуезов театры
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Алматыға жасаған жұмыс сапары аясында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғимаратына барып, қайта жаңғырту жұмыстарының барысын бақылады, деп хабарлайды Kursiv.Media. Министр әлеуметтік желідегі парақшасында театрдың қазіргі жай-күйі түсірілген бейнежазбаны жариялады.

Бөлісілген кадрлардан ғимараттағы демонтаж жұмыстарының толық аяқталғанын көруге болады. Қазіргі уақытта мамандар ғимараттың жүк көтергіш конструкциялары мен фасадын күшейту, инженерлік жүйелерді монтаждау, сондай-ақ ішкі өңдеу жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр.

Реконструкция толық аяқталған соң театрдың үлкен және кіші залы жалпы жиынтығы 832 көрерменге лайықталып жабдықталады.

Реконструкция мерзімі мен кешігу себебі

1981 жылы пайдалануға берілген сәулет ескерткішінің ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары 2024 жылдың қараша айында басталған еді. Театр ұжымы 100 жылдық мерейтойын өз сахнасында қарсы алуды жоспарлағанымен, жөндеуге байланысты уақытша өзге театрларды паналауға мәжбүр болды.

Бұған дейін, Kursiv.Media жолдаған ресми сауалға Мәдениет және ақпарат министрлігі жауап беріп, жұмыстардың созылу себебін бюджеттік қаржыландыруды нақтылау және бекіту процедураларымен түсіндірді.

Бүгінгі таңда бұл мәселе толық шешімін тауып, жөндеу жұмыстары бекітілген жобалау-сметалық құжаттама аясында жүріп жатыр. Қайта жаңғырту жұмыстарын жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз