
Бір саланың ішінде жалақы екі еседен астам айырмашылық көрсетіп отыр. 2026 жылдың I тоқсанында мектепке дейінгі білім беру саласындағы орташа айлық 211 мың теңге болса, жоғары білімде 451 мың теңгеден асты. Kurisv Media ұстаздардың 3 жылдың жалақы өзгерісін талдап көрді.
Бірден нақтылап өтейік: бұл барлық мұғалім алатын бекітілген айлық немесе тариф емес. Нақты жалақы сағат санына, оқу жүктемесіне, еңбек өтіліне, біліктілік санатына, қосымша міндеттер мен үстемақыларға қарай өзгереді. Статистикада саладағы барлық қызметкерге есептелген жалақының орташа мөлшері көрсетіледі.
Мектептегі орташа жалақы
Білім саласындағы орташа жалақы 315 мың теңгеге жетті
2026 жылдың I тоқсанында білім беру саласындағы орташа айлық атаулы жалақы 315 100 теңгені құрады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 302 428 теңге болған. Яғни бір жылда 12 672 теңгеге немесе 4,2% өсті.
2024 жылдың I тоқсанында саладағы орташа жалақы 284 992 теңге еді. Содан бері ол 30 108 теңгеге немесе 10,6% көбейген.
Соған қарамастан білім саласындағы жалақы елдегі орташа деңгейден едәуір төмен. 2026 жылдың I тоқсанында Қазақстан бойынша орташа айлық 461 486 теңге болды. Екі көрсеткіштің айырмасы 146 386 теңгеге жетеді.
Елдегі медианалық жалақы 331 527 теңгені құрады. Бұл – қызметкерлердің жартысы осы сомадан аз, ал қалған жартысы одан көп алады деген сөз. Білім беру саласының орташа жалақысы медианалық көрсеткіштен де 16 мың теңгеге төмен.
Балабақша мен бастауышта жалақы төмен
Білім беру жүйесінің ішінде ең төменгі орташа жалақы мектепке дейінгі ұйымдарда тіркелді. Балабақша қызметкерлері орта есеппен 211 015 теңге алған. Бір жылда көрсеткіш 9 575 теңгеге немесе 4,8% өсті.
Бастауыш білім беру саласындағы орташа айлық 257 329 теңгені құрады. Бұл 2025 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда 7 337 теңгеге немесе 2,9% көп.
Балабақшадағы орташа жалақы
Орта білім беру саласында, яғни мектептерде орташа жалақы 334 738 теңгеге жетті. Бір жылдағы өсім – 7 115 теңге немесе 2,2%. Қарастырылған бағыттардың ішінде ең баяу өсім осы салада байқалды.
2024 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда бастауыш білімдегі орташа жалақы 14,5 мың теңгеге, ал орта білімде 22,5 мың теңгеге артқан.
Мектепке дейінгі және орта білім арасындағы айырма 123 723 теңгені құрайды. Алайда бұл нақты тәрбиеші мен мұғалімнің айлығын тікелей салыстыру емес. Әр қызметкердің табысы жүктемесі мен біліктілігіне байланысты жеке есептеледі.
Ең жоғары көрсеткіш – жоғары білімде
Жоғары білім беру саласындағы орташа жалақы 451 376 теңгені құрады. Бұл білім жүйесіндегі ең жоғары көрсеткіш.
Бір жылда университеттер мен басқа да жоғары оқу орындарындағы орташа жалақы 41 146 теңгеге немесе 10% өсті. Ал 2024 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда өсім 83 664 теңгеге жетті.
Университеттегі орташа жалақы
Білім берудің өзге түрлерінде орташа жалақы 274 207 теңге болды. Бір жылда ол 9,9% өскен.
Білім беру саласындағы қосалқы қызметте орташа жалақы 394 743 теңгеге жетті. Бір жыл бұрын көрсеткіш 256 290 теңге болған. Өсім – 54%. Бірақ бұл әр қызметкердің айлығы дәл осынша көтерілді дегенді білдірмейді. Орташа көрсеткішке қызметкерлер құрамының өзгеруі, сыйақылар және біржолғы төлемдер де әсер етуі мүмкін.
Ұлттық статистика бюросы орташа айлықты есептегенде тарифтік мөлшерлеме мен лауазымдық айлыққа қоса сыйақыларды, үстемақыларды және өтемақыларды да ескереді. Сондықтан жарияланған сандарды мұғалімнің қолына түсетін таза айлық ретінде қабылдауға болмайды.