
Тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүлік саласына инвестиция тарту, құрылыс материалдарын сатумен айналысатын Sensata Holding құрылыс компаниясы былтыр 1,5 млрд теңге таза пайда тапқан. Қаржы есебіне сәйкес, бұл көрсеткіш 2024 жылғы 2 млрд теңге пайдамен салыстырғанда 25,7 пайызға аз.
Былтыр компанияның жылжымайтын мүлікті сатудан түскен негізгі түсімі де айтарлықтай азайған. Егер 2024 жылы түсім 10,1 млрд теңгені құраған болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 580 млн теңгеге дейін азайды.
Сонымен бірге, компанияның әкімшілік шығындары 3,4 есе өсіп, 154 млн теңгеден 525 млн теңгеге жетті.
Компания сатылымнан түскен түсімнің төмендеуін басқа да қаржы операциялары арқылы толықтыруға тырысты. Жыл ішінде есептелген сыйлықақы мен премия есебінен кәсіпорын 2 млрд теңге көлемінде қаржылық кіріс алды.
Сонымен қатар «Sensata Almaty» еншілес компаниясына құйылған 6,4 млрд теңге инвестиция мен дебиторлық қарыздың арқасында компанияның жалпы активтері 3,3 млрд теңгеден 11,3 млрд теңгеге дейін артты.
Ұзақ мерзімді қаржы міндеттемелері 7,3 млрд теңгені құрайтын серіктестік 100 мың теңгелік жарғылық капиталымен жұмыс істеп жатыр.
2025 жылға дейін компания KLK&S Holdings атауымен жұмыс істеген. Былтыр атауын Sensata Holding деп өзгерткен. Жалғыз акционері — «Sensata Astana Ltd» жеке компаниясы. Бұл компания SENSATA LTD-ға тиесілі болса, түпкі иелері – кәсіпкер Тасболат Абдуллин мен Асқар Дүйсенбаев.
Дүйсенбаев туралы ашық дереккөздердет көп ақпарат жоқ. Абдуллин BI Group Development-тің даму жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары болғаны мәлім.