
Миллиардер Владимир Кимге тиесілі Bank RBK басшылары 2025 жылы 3,8 млрд теңге сыйақы алған.
Қор биржасындағы хабарламаға сәйкес, бұл ақшаға топ-менеджерлердің былтыр алған бүкіл жалақысы мен бонустары кіреді. Банк басшыларының былтыр алған сыйақысы 2024 жылмен салыстырғанда 17 пайызға артық. 2024 жылы топ-менеожерлерге 3,3 млрд теңге төленген.
Банктің басқарма құрамы бес адамнан тұрады: Акентьева Наталья, Арман Токаров, Әлия Есмұқанова, Сымбат Ибраимов, Ербол Абдуғалиев.
Соңғы жылдары банктің меншік құрылымы бірнеше рет өзгерді. Қазір оның басым үлесін «КСС ФИНАНС» ЖШС арқылы миллиардер Владимир Ким иеленеді.
Биыл Кимнің үлесі 89,79% пайыздан 84,8%-ға дейін қысқарғаны белгілі. Ол 5,7 млрд доллар дәулетімен Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлер тізімінде екінші орында тұр.
Қаржы үйымы 2017 жылғы дағдарыс кезінде Ұлттық банк арқылы мемлекеттен қомақты көмек алған. Былтыр сол қарызын мерзімінен бұрын толық қайтарып, акционерлерге ірі дивиденд төледі.