
Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдердің де жүктілік пен босану, сондай-ақ 1,5 жасқа дейін бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алуға толық құқығы бар. Ең басты шарт – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу және әлеуметтік аударымдарды жүйелі түрде төлеп отыру.
Төлемнің қандай түрі қарастырылған?
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар табысынан айырылуына байланысты екі түрлі төлемге өтініш бере алады. Бұған жүктілікке және босануға арналған төлем мен бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтім төлемі жатады.
Жүктілік пен босануға байланысты төлемді алу үшін өтініш пен еңбекке жарамсыздық парағын тапсыру қажет. Банк шоты, әлеуметтік төлемдер мен тіркеу деректері сияқты қалған мәліметтерді мемлекеттік органдар ақпараттық жүйелерден өздері алады.
Бала дүниеге келгеннен кейін телефон нөміріңізге күтім бойынша төлем алу құқығы туралы SMS-хабарлама келеді. Келісім берген жағдайда өтініш проактивті форматта қарастырылады.
Аударым мөлшері қанша
Өз-өзін жұмыспен қамтығандардың әлеуметтік аударымдары арнаулы салық режимі аясында айлық табыстың 1%-ын құрайды. Мұнда есептеуге арналған табыс көлемі заңнамада белгіленген шекпен шектеледі.
Төлем мөлшері аударылған әлеуметтік төлемдерге негізделеді. Жүктілік пен босану төлемі үшін соңғы 12 айдың, ал бала күтімі үшін соңғы 24 айдың табысы есепке алынады. Бала күтіміне арналған төлем максималды шекті ескере отырып, орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды.
Декрет дамалысында жұмысты жалғастыруға бола ма?
Жоқ, жұмысты жалғастыруға болмайды. Егер өз-өзін жұмыспен қамтыған азамат қызметін ары қарай жүргізіп, табыс тапса, табыстан айырылмаған деп есептеледі. Бұл ретте кәсіпкерлік табыс пен әлеуметтік төлемнің біреуін таңдауға тура келеді.
Жағдай өзгерсе, бұл туралы 10 жұмыс күні ішінде «Азаматтарға арналған үкіметке» хабарлау міндетті. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры мәліметтердің шынайылығын тексеруге және артық төленген қаражатты кері қайтаруды талап етуге құқылы.
Биыл Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатары бірден 350 мыңға артты.