
Иранның экспорты мен импорты шамамен 35% азайды. Ел президенті Масуд Пезешкиан бұған АҚШ санкциялары мен Иран порттарының теңіз арқылы қоршауға алынуы себеп болғанын айтты.
АҚШ пен Иран арасындағы соғыс алты айдан бері жалғасып келеді. Келіссөздер нәтиже бермеген соң Вашингтон Тегеранға қаржылық қысымды күшейтіп, өзге елдерді Иранмен сауда байланысын тоқтатуға шақырды. Мұндай талапты орындамаған мемлекеттерге қайталама санкция енгізілуі мүмкін.
Алайда АҚШ әзірге Иранның негізгі сауда серіктестері саналатын Қытай мен Үндістанға шектеу қойған жоқ. Өйткені бұл елдерге қарсы санкция әлемдік сауда мен экономикаға қосымша қысым түсіруі ықтимал.
АҚШ Қаржы министрлігі Иранмен байланысы бар деген күдікпен Мысырдың Banque Misr банкінің Біріккен Араб Әмірліктеріндегі бөлімшелеріне санкция енгізуді ұсынды. Шектеу банк бөлімшелерінің доллармен операция жүргізуіне қатысты. Сонымен қатар Гонконгтағы бір компания мен Иранның Bank Melli банкіне қатысы бар адам санкциялық тізімге қосылды.
Инфляция 66%-ға жетті
Соғыс пен санкциялар Иранның ішкі экономикасына да ауыр тиіп жатыр. Шілдеде елдегі жылдық инфляция 66%-ға жеткен.
Иранның жоғарғы басшысы үкіметті бағаның өсуі, жұмыссыздық және халықтың тұрмыс жағдайының нашарлауы секілді мәселелерді шешуге шақырды. Ел билігі экономикалық қысымның күшеюі қоғамдағы наразылықты арттыруы мүмкін деп қауіптенеді.
Пезешкианның айтуынша, АҚШ маусымдағы қысқа мерзімді келісім аясында Иран мұнайын сатуға уақытша рұқсат берген. Осы кезеңде Тегеран шамамен 90 млн баррель мұнай экспорттап үлгерген.
Қазір Ормұз бұғазы арқылы кеме қатынасы да толық қалпына келген жоқ. Бейсенбіде бұғаздан небәрі жеті жүк кемесі өткен. Бір күн бұрын олардың саны 17 болған, ал соңғы он күндегі орташа көрсеткіш – 15 кеме.
Ормұз бұғазындағы қозғалыстың шектелуі мұнай мен басқа да тауарларды жеткізуге кедергі келтіріп, әлемдік энергия нарығындағы тәуекелді күшейтіп отыр.
Тағы да оқыңыз: Аптап ыстық Франция экономикасын өсімсіз қалдырды.