АЕК өскенімен, ең төменгі жалақы өзгермейді: 2027 жылғы бюджетте не бар

Жарияланды 1 Қыркүйек 2026 11:20

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
2027 жылға аралған Республикалық бюджет / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қазақстанда 2027 жылы АЕК, зейнетақы мен күнкөріс минимумы 8,5% өсуі мүмкін. Алайда ең төменгі жалақы тағы да 85 мың теңге деңгейінде қалмақ. Бұл көрсеткіштер әзірге қабылданған заң емес, 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында ұсынылған.

Соңғы бес жылда ең жылдам өскен көрсеткіш — ең төменгі зейнетақы. 2022 жылдың басында ол 46 302 теңге болса, 2027 жылы 74 919 теңгеге жетуі мүмкін. Өсім — 61,8%.

АЕК осы кезеңде 3 063 теңгеден 4 693 теңгеге дейін көтеріліп, 53,2% өсті. Күнкөріс минимумы да шамалас қарқынмен — 36 018 теңгеден 55 173 теңгеге дейін ұлғайды.

Республикалық бюджет

Негізгі әлеуметтік көрсеткіштер қалай өзгерді?

2022–2026 жылдардағы бекітілген мөлшер және 2027 жылға ұсынылған жоба · теңге

Бекітілген көрсеткіш 2027 жыл — жоба

АЕК

2022-ден +53,2%
2022*3 063 ₸
20233 450 ₸
20243 692 ₸
20253 932 ₸
20264 325 ₸
20274 693 ₸

Ең төменгі жалақы

2022-ден +41,7%
202260 000 ₸
202370 000 ₸
202485 000 ₸
202585 000 ₸
202685 000 ₸
202785 000 ₸

Ең төменгі зейнетақы

2022-ден +61,8%
2022*46 302 ₸
202353 076 ₸
202457 853 ₸
202562 771 ₸
202669 049 ₸
202774 919 ₸

Күнкөріс минимумы

2022-ден +53,2%
2022*36 018 ₸
202340 567 ₸
202443 407 ₸
202546 228 ₸
202650 851 ₸
202755 173 ₸

Ең төменгі жалақы төрт жыл бойы өзгермейді

Ең төменгі жалақы 2022 жылы 60 мың, 2023 жылы 70 мың теңге болды. 2024 жылы 85 мың теңгеге көтерілгенімен, содан бері өзгерген жоқ. Бюджет жобасы қабылданса, бұл көрсеткіш 2027 жылы да 85 мың теңге болып қалады.

Осылайша, ең төменгі жалақы номиналды түрде бес жылда 41,7% өскен. Бірақ 2024–2027 жылдар аралығында мүлде өзгермейді. Үкімет 2027 жылғы инфляцияны 7,5–9,5% аралығында болжайтынын ескерсек, 85 мың теңгенің нақты сатып алу қабілеті төмендей береді.

Зейнетақы 8,5% өседі

Жоба бойынша 2027 жылғы ең төменгі зейнетақы 69 049 теңгеден 74 919 теңгеге дейін көтеріледі. Ең төменгі базалық зейнетақы 38 622 теңге болады. Жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақыларды 8,5% арттыру көзделген.

Алайда инфляция болжамы да осы өсімге жақын. Сондықтан зейнетақының номиналды сомасы көбейгенімен, оның нақты сатып алу қабілеті айтарлықтай өзгермеуі мүмкін.

Барлық жәрдемақы 8,5% өспейді

Бюджет жобасында көп айтыла бермейтін бір ерекшелік бар. Жалпы АЕК 4 693 теңгеге, күнкөріс минимумы 55 173 теңгеге көтерілгенімен, кейбір әлеуметтік жәрдемақыларды есептеу үшін 2026 жылғы көрсеткіштерді сақтау ұсынылған.

Мұндай төлемдерге 4 325 теңгелік АЕК пен 50 851 теңгелік күнкөріс минимумы қолданылмақ. Демек, жаңа АЕК пен күнкөріс минимумы көтерілгенімен, барлық әлеуметтік төлем автоматты түрде 8,5% өсе бермейді.

2027 жылға арналған мөлшерлер әлі түпкілікті бекітілген жоқ. Олар бюджет жобасы Парламентте қаралған кезде өзгеруі мүмкін. 2022–2026 жылдардағы көрсеткіштер Үкіметтің ресми деректерінен алынды.

Тағы да оқыңыз →
2027 жылы республикалық бюджет шығыны 30,2 трлн теңге көлемінде болады

Сондай-ақ оқыңыз