Мұнай бағасы 97 долларға жетіп, кейін қайта төмендеді

Жарияланды 2 Қыркүйек 2026 17:20

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Мұнай бағасы 100 долларға бет алды / фото: CBCN

Мұнай нарығындағы құбылмалылық күшейді. 2 қыркүйекте Brent бағасы барреліне 97,04 долларға дейін көтеріліп, соңғы бес аптадағы ең жоғары деңгейге жетті. Алайда кейін өсімін жоғалтып, Алматы уақытымен 16:35-те 94,08 долларға дейін төмендеді  деп хабарлайды Kursiv.Media.

Америкалық WTI мұнайы да сауда барысында 92,29 долларға дейін қымбаттап, кейін 89,50 долларға түсті. Brent бір күн бұрынғы бағасынан 0,6%, ал WTI 0,8% арзандады.

Бағаның күрт өсуіне АҚШ пен Иран арасындағы әскери шиеленістің қайта күшеюі себеп болды. Нарық Ормұз бұғазы арқылы мұнай тасымалы тағы да шектелуі мүмкін деп қауіптенеді. Қақтығысқа дейін бұл бағытпен әлемде пайдаланылатын мұнайдың шамамен бестен бірі өтетін.

Brent мұнай бағасы онлайн

Brent Crude Oil, USD/баррель. Дерек TradingView арқылы жаңарып тұрады.

Иран тарапы бұғаздан өтпек болған екі мұнай танкерінің теңіз миналарына соғылып, істен шыққанын мәлімдеді. Соған қарамастан, АҚШ Энергетика министрлігінің дерегінше, дүйсенбі, 31 тамыз күні Ормұз арқылы 17 млн баррель мұнай тасымалданған. Жеткізілімнің толық тоқтамауы бағаның бастапқы өсімін тежеді.

Capital Economics сарапшылары қақтығыс ушығып, Таяу Шығыстағы тасымал одан әрі қиындаса, Brent бағасы барреліне 100 доллардан асуы мүмкін екенін ескертеді. Ал келіссөздерде ілгерілеу байқалса, мұнай қайтадан күрт арзандауы ықтимал. Сондықтан алдағы күндері бағаның геосаяси жаңалықтарға тәуелділігі жоғары болып қала береді.

Сондай-ақ оқыңыз