Жастардың жинағы кірісі жоғары акцияларға салынады: активтерді басқару қалай дамиды

Жарияланды 2 Қыркүйек 2026 11:42

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
БЖЗҚ активтерін басқарудың тәсілдері / фото: shutterstock

Қазақстанда халықтың зейнетақы қорындағы жинағын инвестициялау ережесін жаңарту жоспарланып отыр. Басты жаңалығы – ақшаны салымшылардың жасына қарай басқару және нарыққа жеке инвестициялық компанияларды белсенді тарту, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Жастардың жинағы тәуекелі жоғары қағаздарға инвестицияланады

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов қаржы нарығын дамыту мәселелері талқыланған жиында айтқан.

Жастардың жинағын инвестициялағанда акцияларға басымдық беріледі. Ұзақ мерзімде мұндай активтер жоғары табыс әкелуі мүмкін. Ал жасы зейнетке жақындаған азаматтардың қаржысы тәуекелі төмен, қорғалған консервативті құралдарға салынбақ.

«Жас салымшылардың портфелінде акциялар мен өсімге бағытталған құралдардың үлесі жоғары болады. Зейнет жасына жақындаған сайын қаражат біртіндеп тәуекелі төмен әрі өтімді активтерге ауыстырылады», – деді агенттік төрағасының орынбасары.

Оның сөзінше, қазір зейнетақы активтерінің 99,7%-ын Ұлттық банк басқарады. Енді агенттік зейнетақы активтерінің бір бөлігін конкурстық негізде жеке басқарушыларға беруді ұсынып отыр.

«Бағдарлама аясында зейнетақы активтерінің жекелеген инвестициялық мандаттарын басқаруға лицензиясы бар жергілікті инвестициялық портфельді басқарушыларды кезең-кезеңімен тарту ұсынылады. Алғашқы кезеңде мемлекеттік бағалы қағаздардан тұратын субпортфель құрылады. Кейін бұл тетік корпоративтік облигациялар мен акцияларға да қолданылуы мүмкін», – деді Тұрсынханов.

Бұл жұмыс алдымен мемлекеттік бағалы қағаздардан басталмақ. Ал болашақта шетелдік басқарушы компаниялардың үлесі басым болады. Жергілікті компаниялар белгіленген талаптарға толық сәйкес келген жағдайда ғана қатыса алады. Түпкі мақсат – салымшыға бірнеше басқарушының арасынан таңдау мүмкіндігін беретін бірыңғай платформа құру.

БЖЗҚ бағалы қағаздарын қарызға бере алады

Тағы бір ұсыныс -БЖЗҚ бағалы қағаздарын қарызға (заемға) беру мүмкіндігіне ие болады.

«БЖЗҚ бағалы қағаздардың ірі әрі ұзақ мерзімді ұстаушыларының бірі ретінде оларды қарызға беру мүмкіндігіне ие болады. Бұл нарықтағы активтерді тиімдірек пайдалануға жол ашады», – деді Тұрсынханов.

Оның сөзінше, бұл жерде қамтамасыз етілмеген алыпсатарлық мәміле туралы айтылып тұрған жоқ.

«Әңгіме қажетті бағалы қағаздар алдын ала қарызға алынатын, толық қамтамасыз етілген қысқа позициялар туралы болып отыр. Мұндай тәсіл халықаралық тәжірибеге сай келеді және нарықтың өтімділігін арттырып, бағаның әділ қалыптасуына ықпал етеді», – деді ол.

Қысқа мәмілелер Гонконгтағы биржа айналымының 13–16%-ын, Ұлыбританияда 11–13%-ын құрайды. Олардың жылдық көлемі тиісінше 450–540 млрд және 300–450 млрд долларға жетеді.

Қазақстанда бағалы қағаздарды қарызға берудің орталықтандырылған тетігін KASE негізінде құру жоспарланып отыр. Осы жүйе арқылы БЖЗҚ өзіндегі бағалы қағаздарды басқа нарық қатысушыларына уақытша қарызға бере алады.

Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруында 26,9 трлн теңге зейнетақы активі шоғырланған. Жыл басынан бері есептелген инвестициялық кіріс 1,15 трлн теңгені құрады.

Сондай-ақ оқыңыз