
Қазақстан шетелдік инвесторларға «Алтын виза» беру тәртібін жеңілдетіп, оларға бөлек салық салу тәртібін енгізу жоспарлап отыр. Сондай-ақ Астана халықаралық қаржы орталығы инвесторларынан резиденттікті растау үшін алынатын 7 000 АЕК (30,2 млн теңге) мөлшеріндегі ірі алым жойылмақ. Бұл туралы Kursiv.Media Ұлттық экономика министрлігінің қаулы жобасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Ұлттық экономика министрлігі қаулыны «Ашық НПА» порталында 2026 жылғы 25 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға шығарған.
Салық кодексіне түзетулер жобасында елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған өзгерістер қарастырылған. Құжат аясында капитал тарту тетіктерін жандандыру мақсатында басым жобалар бойынша салық преференциялар қалпына келтіріліп, инвесторларға өз қаражатына салған инфрақұрылым шығындарын салықтық шегерімге жатқызуға және корпоративтік салықты, жер мен мүлік салығын азайтуға мүмкіндік беріледі.
Сонымен бірге, бұл реформа жекелеген инвесторларға ғана емес, елдегі жалпы бизнес өкілдері мен қатардағы азаматтарға да тікелей әсер етеді.
Себебі мемлекет салықтық әкімшілендіруді барынша цифрландырып, процестерді автоматтандыруды көздеп отыр.
Түзетулерге сәйкес, 2027 жылдан бастап отандық маркетплейстер шетелдік сатушылар үшін салық агенті атанып, қосымша құн салығын өздері есептеп төлейді.
Бұл жергілікті кәсіпкерлерді заңсыз бәсекеден қорғайды, ал банктер мен төлем ұйымдары салық органдарына интернет-алаңдардағы аударымдар туралы мәліметтерді беріп отыруға міндеттеледі.
Қарапайым халық пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін әлеуметтік төлемдерді банк қолданбалары арқылы автоматты түрде ұстау, жеке кәсіпкерлікті жапқанда бөлек өтініш жазбай, оны бірден тарату есептілігі арқылы өткізу және мемлекеттік бажды арнайы өтінішсіз проактивті түрде қайтару сияқты бюрократияны азайтатын жеңілдіктер ұсынылған.
2026 жылдан 2028 жылға дейін қазақстандық провайдерлер арқылы криптовалюта операцияларын жасаған жеке тұлғалар жеке табыс салығынан босатылады, ал 2027 жылғы 15 қыркүйекке дейін активтерін шетелдік платформалардан отандық алаңдарға толық аударғандарға салық жеңілдігі қолданылады.
Ал салық қарызын 6 айдан артық төлемей созған немесе жалған шот-фактура жазған кәсіпкерлерге электронды шот-фактура беруді тоқтату сияқты бақылау шаралары күшейтіледі.
Тоқаев Құрылтайға «Алтын виза» туралы заң қабылдауды тапсырған.