Асанәлі Әшімов театрында «Жәмила» премьерасы өтеді

Жарияланды 14 Қыркүйек 2026 15:47

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: instagram

Алматыдағы Асанәлі Әшімов театрында Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» повесінің желісі бойынша әзірленген жаңа спектакль көрерменге жол тартады.

Айтматов шығармашылығындағы шоқтығы биік туындылардың бірі саналатын «Жәмила» арқылы театр ұжымы махаббат, адалдық, жеке бастың таңдауы мен ішкі еркіндік тақырыптарын заманауи сахналық тілде қайта саралайды.

«Жәмила» – адамның өз сезіміне адал болуы мен қалыптасқан дәстүрлі түсініктер арасындағы драмалық тартысты терең бейнелейтін туынды. Қойылым осы іргелі идеяларды заманауи театрдың бай мүмкіндіктері арқылы оқырман мен көрермен санасына қайта жеткізуді көздейді.

Спектакль режиссері Саламат Кемел жаңа туындының басты концепциясы туралы былай дейді:

«Музыкалық драма жанрындағы бұл қойылым ұлттық менталитет пен заман талабының тоғысындағы жеке адамның таңдауы мен махаббат мүддесін терең ашады. Шығарма арқылы біз қоғамдық пікір мен тұлғаның дербестігі арасындағы тартысты көрсетіп, салт-дәстүрдің адам тағдырына ықпалын көрерменмен бірге таразылағымыз келеді.»

Қойылым 12-13 қазан күндері сағат 19:00 де Мемлекеттік қуыршақ театрының сахнасында қойылады. Билеттерді «Алматы әуендері» сайтынан алуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз