
Kursiv Media хабарлайды, теңгенің биыл күшеюі, мұнай өндіру жоспарының төмендеуі және саудадағы баяулау Қазақстан бюджетінің кірісіне әсер етіп отыр. Бұл туралы 17 қыркүйекте 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстыру кезінде вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.
Теңгенің нығаюынан 700 млрд теңгеден астам кіріс түспеді
2026 жылғы бюджетті жоспарлау кезінде доллардың орташа бағамы 540 теңге болады деп есептелген. Алайда теңге күшейіп, қазір доллар 450 теңгеге жуық деңгейде саудаланып отыр.
Жұманғариннің бағалауынша, осы айырмашылықтың салдарынан импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша бюджет 700 млрд теңгеден астам кірістен қағылған.
Мұның себебі қарапайым: доллар арзандаған сайын импортталатын тауарлардың теңгемен есептелген құны да төмендейді. Соған сәйкес кеденде алынатын ҚҚС көлемі де азаяды.
Айта кетейік, 2027 жылғы бюджет жобасында доллар бағамы 480 теңге деңгейінде есепке алынған. Ұлттық экономика министрлігі өкілдерінің айтуынша, 2026 жылдың басынан бергі орташа бағам шамамен 478 теңгені құраған.
Мұнайдан тағы 200 млрд теңге жоғалтуы мүмкін
Бюджет кірісіне әсер еткен тағы бір фактор – мұнай өндірісінің төмендеуі.
Бастапқыда 2026 жылы Қазақстан 100,5 млн тонна мұнай өндіреді деп жоспарланған. Кейін жоспар 96 млн тоннаға дейін төмендетілді.
Жұманғариннің айтуынша, мұның тікелей салықтық әсері шамамен 200 млрд теңгені құрайды.
Бірақ мәселе тек салықпен шектелмейді. Мұнай аз өндірілсе, сервистік компанияларға берілетін тапсырыс та, сала қызметкерлерінің табысы мен оған байланысты экономикалық айналым да төмендейді. Осы жанама әсерлерді қоса есептегенде, экономикадағы ақша айналымы 1,7 трлн теңгеге дейін азаюы мүмкін.
Сауда да баяулап жатыр
Үкімет саудадағы белсенділіктің әлсіреуін де байқап отыр.
Жұманғарин бұған банктерге қойылатын ең төменгі резервтік талаптардың күшейтілуі де ықпал етіп отырғанын айтты. Бұл банктердің өтімділігіне және тұтынушылық несие беруіне әсер етуі мүмкін.
Ұлттық банк 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап банктердің жекелеген міндеттемелері бойынша ең төменгі резервтік талаптарды көтерді. Мәселен, шетел валютасындағы бірінші және екінші санаттағы міндеттемелер үшін норматив 15% деңгейінде белгіленген.
Несие беру қарқыны бәсеңдеген жағдайда халықтың тауар сатып алуға жұмсайтын қаражаты да азаяды. Жұманғарин саудадағы сатылым көлемінің төмендеуін осы факторлардың бірімен байланыстырды.
2027 жылы долларды 480 теңгеден есептейді
Үкімет алдағы жылдың бюджетін жасағанда валютаның қазіргі динамикасын ескерген. Егер 2026 жылғы жоспар $1 = 540 теңге бағамымен құрылған болса, 2027 жылғы есептеулерде $1 = 480 теңге алынған.
Үкіметтің 2027–2029 жылдарға арналған макроэкономикалық болжамында мұнай бағасы мен өндіріс көлемі де негізгі бюджет параметрлерінің бірі болып қала береді. Республикалық бюджет шығысы 2027 жылы 30,2 трлн теңге, ал кірісі 19,9 трлн теңге деңгейінде болжанған.