Димаштың Чилидегі концерті қарсаңында 11 жастағы әнші қазақстандықтарды таңғалдырды

Жарияланды 18 Қыркүйек 2026 20:25

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General news бөлімінің журналисі a.tolendi@kursiv.media
Димаштың Чилидегі концерті қарсаңында 11 жастағы әнші қазақстандықтарды таңғалдырды / Фото: Instagram.com/KUDAIBERGENOV.DIMASH, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Чилидің Сантьяго қаласында 11 жастағы әнші Максимо Леон Қазақстанның құрметіне елдің дәстүрлі музыкалық жанры әрі ұлттық биі – куэка орындады, деп хабарлайды Kursiv.LifeStyle.

«Kazajistán, pueblo valiente» («Қазақстан – айбынды халық») композициясы Димаш Құдайбергеннің Чилидегі алғашқы концерті қарсаңында шырқалды, деп хабарлайды әншінің ресми сайты.

Балақай өнерін ел үкіметінің резиденциясы орналасқан Ла-Монеда сарайының алдында көрсетті. Жобаны Максимо Леон мен «Чили – Қазақстан» достық қоғамының тең директоры Кармен Сандовал ұйымдастырған.

Композиция Чилидің ұлттық мерекелері – Fiestas Patrias аясында ұсынылды. Авторлар туындыны Қазақстанға және Димаштың алдағы концертіне арнаған.

Куэка Чили мәдениетінде ерекше орын алады. Оны жұп болып музыка мен әннің сүйемелдеуімен орындайды. Би елдің басты ұлттық символдарының бірі саналады.

«Куэканы билейді, жақсы көреді және құрметтейді. Ол халқымыздың тарихын, поэзиясын, дәстүрі мен қайсарлығын жеткізеді. Біздің куэкамыз – Қазақстан халқына деген құшағымыз», – деді Кармен Сандовал.

Композицияның сөзін Кармен Сандовал жазса, музыкасын Мундака Антинао есімді музыканттар жазған. Жобаға Latin Cover Chile және Coliseo Kids ұжымдары да қатысқан. Ал туындының жазбасын RA Estudio студиясы жүзеге асырған.

Димаш Құдайберген Чилиде алғаш рет 24 қарашада өнер көрсетеді. DIMENSIONS туры аясындағы концерт Сантьягодағы Movistar Arena сахнасында өтеді.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген тамыз айында DiMENSIONS атты жаңа әлемдік турын жариялаған еді. Жоба арқылы әншінің командасы Димашты көрерменге тек ерекше дауыстың иесі ретінде емес, жаңа қырынан танытуды көздейді. 

Сондай-ақ оқыңыз