Мұнай үш күн қатарынан арзандап келеді: Brent 103 долларға түсті

Жарияланды 18 Қыркүйек 2026 17:15

(жаңартылды 19 Қыркүйек 2026 00:19)
Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
мұнай арзандап жатыр / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Әлемдік нарықта мұнай бағасы үшінші сауда сессиясы қатарынан төмендеп жатыр. 18 қыркүйекте Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне $103,17-ға, ал америкалық WTI $101,30-ға дейін түсті, деп хабарлайды Kursiv Media Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Brent жұма күнгі саудада $1,65 немесе 1,6%-ға арзандады. Осылайша, эталондық мұнай үш аптадан бергі алғашқы апталық төмендеуге жақындады: аптаның басынан бері Brent шамамен 1,4% жоғалтқан.

Brent мұнай бағасы онлайн

Brent Crude Oil, USD/баррель. Дерек TradingView арқылы жаңарып тұрады.

Мұнай неге арзандап жатыр?

Нарықтағы негізгі өзгеріс Сауд Арабиясынан мұнай жеткізілімі күрт қысқарады деген қауіптің бәсеңдеуіне байланысты.

Сауд Арабиясы мұнайдың бір бөлігін Оман арқылы балама бағытпен әлемдік нарыққа шығара бастады. Сонымен қатар АҚШ, Сингапур және Еуропада мұнай өнімдерінің қоры артқан. Қытай да тамызда мұнай өнімдерінің экспортын бір жыл бұрынғыдан 12,7%-ға көбейтті. Мұның бәрі нарықтағы ұсыныс тапшылығы болады деген қауіптің азаюына әсер етті.

Бұған дейін Сауд Арабиясының маңызды мұнай инфрақұрылымына жасалған шабуылдар бағаны күрт көтерген еді. Елдің шығысындағы кен орындарын Қызыл теңіз жағалауымен байланыстыратын East-West мұнай құбырының үш сорғы станциясы зақымдалды. Бұл құбыр тәулігіне шамамен 4–5 млн баррель мұнай тасымалдап келген.

Шабуылдан кейін мұнайдың бір бөлігін жеткізу уақытша тоқтап, Brent бағасы аптаның басында $108-дан асып кеткен болатын.

$100 деңгейі әзірге сақталып тұр

Баға үш күн қатарынан төмендегенімен, Brent те, WTI де әзірге барреліне $100-дан жоғары саудаланып жатыр.

Таяу Шығыстағы жағдай да тұрақталған жоқ. Сауд Арабиясы мен Йемендегі хуситтер арасында жаңа соққылар тіркеліп отыр, ал Ормұз бұғазы арқылы мұнай тасымалдау тәуекелі сақталған.

Сондықтан нарықта екі фактор қатар әсер етіп отыр: бір жағынан, Сауд Арабиясының балама экспорт бағыттары мұнай тапшылығына қатысты алаңдаушылықты азайтты, екінші жағынан, Таяу Шығыстағы қақтығыс бағаның жылдам төмендеуіне кедергі болып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз