
Қазақстанда инвестиция өсімі өткен жылмен салыстырғанда баяулағанымен, қаражаттың өңдеу өнеркәсібі мен өндірістік жабдықтарға бағытталуы күшейіп келеді. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 13,5 трлн теңгені құрап, 8,1%-ға өсті. Былтыр осы кезеңдегі өсім 14,3% болса, 2025 жылдың жарты жылында 19,3%-ға жеткен еді, деп хабарлайды Kursiv Media.
Екі жыл ішінде негізгі капиталға салынған инвестицияның нақты көлемі 23,6%-ға артқан.
Ғимараттарды салуға және күрделі жөндеуге 8,5 трлн теңге бағытталған. Бұл бағыттағы өсім небәрі 0,3% болды.
Ал жабдықтарға және көлік құралдарына салынған инвестиция көлемі 4,4 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 28,2%-ға өскен.
Tengonomica сарапшылары бұл көрсеткіш өндірістік қуатты кеңейту және кәсіпорындарды жаңғырту үдерісі күшейіп келе жатқанын айғақтайтынын айтады. Сонымен қатар құрылыс саласында құлдырау байқалмаған, сегіз айда орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 15,6%-ға өсіп, 6,1 трлн теңгеге жетті.
Инвестицияларды қаржыландыру құрылымында да өзгеріс бар. 13,5 трлн теңгенің шамамен 9 трлн теңгесі немесе 66,7%-ы кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен қаржыландырылған.
Банк кредиттерінің үлесі 751 млрд теңгені, басқа қарыз қаражаты 1,85 трлн теңгені құрады.
Республикалық және жергілікті бюджеттерден шамамен 1,89 трлн теңге, яғни жалпы инвестиция көлемінің 14%-ы бағытталған. Мемлекеттік бюджет қаражатын есептемегендегі инвестиция көлемі 11,6 трлн теңгеге жетіп, нақты мәнде 20,1%-ға өскен.
Өнеркәсіптің ішінде де айтарлықтай өзгеріс байқалады. 2026 жылдың қаңтар-тамызында өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция 39,9%-ға өсіп, 1,91 трлн теңгеге жетті.
Осылайша өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестиция көлемі тау-кен өнеркәсібінен сәл асып түсті. Тау-кен саласына 1,87 трлн теңге инвестиция салынған.
Сонымен қатар мұнай және газ өндіруге салынған инвестиция 20,8%-ға төмендеп, 888 млрд теңгені құрады.
Инвестиция динамикасына теңге бағамының өзгеруі де әсер етуі мүмкін. Қаңтардың соңынан тамыздың соңына дейін доллар бағамы 501,24 теңгеден 461,57 теңгеге дейін төмендеді. Осы кезеңде теңге шамамен 8%-ға нығайды.
Шетел валютасына сатып алынатын станоктар, өндірістік желілер, көлік құралдары және басқа да жабдықтар үшін бұл маңызды фактор. Теңгенің нығаюы импорттық капитал тауарларының теңгемен есептегендегі құнын төмендетіп, валюталық тәуекелді азайтады.
Дегенмен жабдыққа салынған инвестицияның 28,2%-ға өсуін тек теңгенің нығаюымен түсіндіру дұрыс емес. Валюта бағамының өзгеруі бұрыннан жоспарланған жаңғырту жобаларын жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастырған факторлардың бірі болуы мүмкін.
Жалпы Қазақстандағы инвестициялық белсенділіктің құрылымында өзгеріс байқалады. Инвестицияның 66,7%-ы кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен қаржыландырылып, бюджеттен тыс инвестициялар 20,1%-ға, өндірістік жабдықтарға салым 28,2%-ға, ал өңдеу өнеркәсібіне инвестиция 39,9%-ға өскен.
Тағы да оқыңыз: Қызмет көрсету саласының үлесі артты: Шаққалиев Қазақстандағы жаңа трендті атады