
2026 жылдың бірінші жарты жылында Қазақстандағы денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласы 1,27 трлн теңге жалпы қосылған құн қалыптастырды. Бұл елдің жалпы ішкі өнімінің 1,8%-ына тең, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Салыстыру үшін, осы кезеңде білім беру саласының ЖІӨ-дегі үлесі 3,7%, ақпарат және байланыс саласының үлесі 2,1%, қаржы және сақтандыру қызметтерінің үлесі 4,1%, ал құрылыс саласының үлесі 5,5% болды.
Алайда денсаулық сақтау саласының экономикадағы нақты ауқымы 1,8%-бен шектелмейді. Ұлттық статистика салаларды негізгі экономикалық қызмет түріне қарай есептейтіндіктен, дәрі-дәрмек өндірісі өңдеу өнеркәсібіне, медициналық жабдықтар саудаға, медициналық ақпараттық жүйелер IT саласына, ал аурухана құрылысы құрылыс секторына жатқызылады.
2026 жылдың екінші тоқсанында денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдары 1,05 трлн теңгенің қызметін көрсетті. Оның 38,2%-ын жеке ұйымдар ұсынды.
EconomyKZ сарапшылары сала еңбек нарығында да елеулі орын алатынын айтады. Екінші тоқсанда Қазақстандағы жұмыспен қамтылғандардың 6,6%-ы, яғни шамамен 620 мың адам, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында жұмыс істеді.
Сонымен қатар, 2025 жылдың қорытындысы бойынша саладағы орташа айлық жалақы 334 мың теңге болды. Бұл елдегі орташа көрсеткіштен төмен.
Осылайша, денсаулық сақтау саласының тікелей экономикалық үлесі 1,8% болғанымен, оның айналасында фармацевтика, медициналық жабдық өндірісі, IT, құрылыс, логистика және басқа да салаларды қамтитын кең экономикалық жүйе қалыптасқан.
Тағы да оқыңыз: Қазақстан экономикасының өсімі үшінші ай қатарынан 4,1% деңгейінде