
Әлемдік мұнай бағасы жаңа аптаны төмендеумен бастады. Brent маркалы мұнай демалыс алдындағы жұмадағы жабылуымен салыстырғанда шамамен 3%-ға арзандап, дүйсенбі таңында барреліне $101,71 болды, деп хабарлайды Kursiv Media. Жұма күні Brent саудасын $104,87 деңгейінде аяқтаған болатын. Осылайша, бір баррель мұнайдың бағасы $3,16-ға төмендеді.
АҚШ-тың WTI мұнайы да арзандады. Жұма күні барреліне $100,30 болған мұнай дүйсенбіде $98,15-ке дейін төмендеді. Бұл шамамен 2,1% төмендеу. Мұнай бағасының әлсіреуіне нарықтағы жеткізілімге қатысты алаңдаушылықтың біршама бәсеңдеуі және АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің қайта жандану ықтималдығы әсер етіп отыр.
Қазақ мұнайына қалай әсер етеді?
Қазақстанның негізгі экспорттық мұнайы CPC Blend те демалыс алдында арзандаған. 18 қыркүйекте оның бір баррелі $119,31 болды, ал бір күн бұрын $120,17 еді. Дегенмен қазақ мұнайы Brent-тен айтарлықтай қымбат саудаланып отыр
KEBCO үшін Қара теңіз бағыты бойынша CIF Augusta, ал Балтық бағыты бойынша CIF Rotterdam спреді пайдаланылады. Ресми есептеулерде Platts, Argus Media және Refinitiv котировкалары ескеріледі. Яғни Brent бір баррельге бірнеше доллар арзандағанда, бұл өзгеріс қазақстандық мұнайдың бағалық базасына да тікелей ықпал етеді.
Неге мұнай арзандап жатыр?
Нарықтағы қысымның негізгі себептерінің бірі – Сауд Арабиясынан мұнай жеткізілімінің қалпына келуі. Reuters дерегінше, елдің мұнай экспорты тамыздағы тәулігіне шамамен 2,4 млн баррельден қыркүйекте 4 млн баррельден жоғары деңгейге көтерілген. Бұл Таяу Шығыстағы жеткізілім үзілістеріне байланысты қауіптің бір бөлігін бәсеңдетті.
Сонымен бірге Ормұз бұғазындағы жағдай әлі толық қалыпқа келген жоқ. Өткен демалыста бұғаз арқылы небәрі 12 тауар кемесі өткен. Қақтығысқа дейін бұл бағытпен тәулігіне шамамен 125 ірі коммерциялық кеме өтетін. Сондықтан нарықтағы геосаяси тәуекел сақталып отыр және мұнай бағасы жаңалықтарға өте сезімтал болып қала береді.