
Қазақстанда айырбастау орындарындағы долларға сұраныс қайта күшейді. Мамырда күрт азайған АҚШ валютасының таза сатылымы маусым мен шілдеде қайтадан 120 млрд теңгеден асты, деп хабарлайды Kursiv Media.
Ұлттық банк дерегіне сәйкес, 2026 жылғы шілдеде айырбастау орындары халыққа сатып алғанынан 123 млрд теңгеге көп доллар сатқан. Маусымда бұл көрсеткіш 126,5 млрд теңге болған.
Бұл мамырмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Мамырда доллардың таза сатылымы небәрі 65,3 млрд теңгені құраған еді. Демек, маусымда көрсеткіш бір айда шамамен 94%-ға артқан. Шілдеде аздап төмендегенімен, долларға сұраныс жоғары деңгейде сақталды.
Қазақстандықтар долларды көбірек сатып ала бастады
Айырбастау орындарындағы доллардың таза сатылымы. Қаңтар–шілде, млрд теңге.
Жыл басынан бері 810 млрд теңгеге жуық доллар сатылды
Қаңтар–шілде аралығында Қазақстандағы айырбастау орындарының доллар бойынша таза сатылымы 809,7 млрд теңгеге жетті.
Жыл басында көрсеткіш бұдан да жоғары болған. Қаңтарда таза сатылым 150,3 млрд теңгені, ақпанда 136 млрд теңгені құрады. Кейін бірнеше ай қатарынан төмендеп, мамырда 65,3 млрд теңгеге дейін азайды.
Алайда маусымнан бастап жағдай өзгеріп, халықтың доллар сатып алуы қайта жанданды.
Долларды ең көп Алматыда сатып алады
Өңірлер арасында Алматы айқын алда. Жеті айда қаладағы айырбастау орындарының доллар бойынша таза сатылымы 319,3 млрд теңгені құрады. Бұл бүкіл Қазақстандағы көрсеткіштің шамамен 40%-ына тең.
Екінші орында Шымкент – 135,3 млрд теңге. Одан кейін Маңғыстау облысы – 59,5 млрд теңге, Атырау облысы – 52,5 млрд теңге, Ақтөбе облысы – 43,6 млрд теңге.
Астанада осы кезеңде 43,3 млрд теңгенің таза доллар сатылымы тіркелген. Осылайша, елорда бұл көрсеткіш бойынша Алматы, Шымкент және үш батыс өңірінен кейін тұр.
Ал Алматы мен Шымкенттің өзіне Қазақстандағы доллардың таза сатылымының 56%-дан астамы тиесілі.