
Қазақстанда сатып алынатын медициналық көмектің жалпы көлемінің шамамен 67%-ы мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл жайлы Үкіметтегі кеңесте денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Мемлекет кепілдік берген медициналық көмек аясында алғашқы және шұғыл медициналық көмек, вакцинация, шұғыл стационарлық және паллиативтік көмек, әлеуметтік мәні бар және ауыр созылмалы ауруларды емдеу, сондай-ақ дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қызметтері көрсетіледі.
2026 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қаржыландыруға 1,6 трлн теңге, ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне 1,7 трлн теңге қарастырылған.
Сонымен қатар амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін азаматтардың саны артқан. 2018 жылы бұл көрсеткіш 1,9 млн адам болса, 2026 жылы 3,4 млн адамға жеткен.
Жиында есту қабілеті бұзылған балаларды тегін есту аппараттарымен қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді. Қазіргі таңда диспансерлік есепте 6 008 бала тұр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда балаларға арналған заманауи есту аппараттарын өндіруді ұйымдастыру көзделіп отыр.
Тағы да оқыңыз: Экономикадағы денсаулық сақтау саласының үлесі қандай