
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға жалған инвестициялық платформалар арқылы жасалатын алаяқтықтан сақ болуды ескертті, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Алаяқтар белгілі банктердің, қаржы ұйымдары мен инвестициялық компаниялардың ресми ресурстарына ұқсас сайттар жасап, әлеуметтік желілер арқылы жарнама таратады. Олар қысқа мерзімде жоғары әрі кепілді табыс табуға уәде беріп, азаматтарды ақша салуға көндіреді.
Агенттік мәліметінше, алаяқтар сенімді арттыру үшін жалған пікірлерді, танымал адамдардың бейнесі мен дауысын, соның ішінде жасанды интеллект көмегімен жасалған материалдарды да пайдалануы мүмкін.
Мұндай платформаның жалған болуы мүмкін екенін мына белгілерден аңғаруға болады:
- жарнама күдікті немесе бейресми аккаунттан таратылады;
- сілтеме қаржы ұйымының ресми сайтына емес, басқа ресурсқа бағыттайды;
- қысқа уақытта жоғары табысқа кепілдік беріледі;
- азаматты тез арада ақша салуға асықтырады;
- қосымшаны App Store немесе Google Play-ден тыс жүктеуді ұсынады;
- банк картасының деректері, SMS-код немесе басқа да құпия ақпарат сұралады.
Агенттік инвестиция жасамас бұрын қаржы ұйымының лицензиясын тексеруге кеңес береді. Сондай-ақ күмәнді жарнамалардағы сілтемелер арқылы өтпей, компанияның ресми сайтын өз бетінше тауып, ұсынылған қызмет туралы ақпаратты сол жерден тексерген жөн.
Мамандар жоғары әрі кепілді табыс туралы уәделерге сақтықпен қарауға және банк картасының деректері мен SMS-кодтарды бөгде адамдарға бермеуге шақырады.
Егер инвестициялық платформаның сенімділігіне күмән туса, ақша аудармай және қосымша орнатпай тұрып ақпаратты тексеру қажет.
Тағы да оқыңыз: Алаяқтар Қаржылық мониторинг агенттігі атынан хат жолдап жатыр