Қазақстан Азия банкінен 6 млрд доллар көлемінде қаржы тартуды көздеп отыр

Жарияланды 23 Қыркүйек 2026 10:47

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Фото: kursiv.media архиві

Құрылтай отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан Үкіметі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Оның айтуынша, Қазақстан АИИБ-тің негізін қалаушы елдерінің бірі және банкпен 2016 жылдан бері ынтымақтастық орнатып келеді.

«Біз аталған банкпен 10 жылдан астам уақыт бойы ынтымақтастық жасап келе жатырмыз. Осы кезеңде энергетика, экономикалық және фискалдық тұрақтылық салаларында жалпы сомасы 1,8 млрд доллар болатын 7 жоба іске асырылды», – деді Серік Жұманғарин.

Министрдің мәліметінше, келісім ратификацияланғаннан кейінгі алғашқы бес жылда көлік, энергетика, денсаулық сақтау және жасыл қаржыландыру бағыттарына шамамен 6 млрд доллар көлемінде қосымша ұзақ мерзімді қаржы тартуға мүмкіндік береді.

«Келісім жобаларды қаржыландыру құралдарын кеңейтуге, мемлекеттің шығыстарын басым жобаларға қайта бөлу арқылы бюджетке түсетін жүктемені азайтуға, сондай-ақ жобаларды іске асыру кезіндегі рәсімдерді оңтайландыруға мүмкіндік береді», – деді ол.

Серік Жұманғариннің айтуынша, келісім күшіне енгеннен кейін бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру басталады. Олардың қатарында «Жезқазған–Қарағанды», «Ақтөбе–Қарабұтақ–Ұлғайсын», «Атырау–Доссор» және «Мойынты–Қызылжар» автомобиль және теміржол бағыттарын қайта жаңарту жобалары бар.

Министр бұл жұмыстар мемлекет басшысының ауқымды инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасымен тікелей байланысты екенін атап өтті.

Ұзақ мерзімді перспективада АИИБ жобаларын іске асыру экономикалық өсімге, жаңа жұмыс орындарын құруға, жеке сектор мен шағын және орта бизнесті дамытуға, инновацияларды ынталандыруға және инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді.

Серік Жұманғарин келісімді ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайтынын және республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейтінін айтты.

Құрылтай депутатары заң жобасын бірінші және екінші оқылымда қабылдап, Құрылтай отырысына енгізді.

Тағы да оқыңыз: Үкімет кімге қарыз: 76 млрд доллардың құрылымы

Сондай-ақ оқыңыз