
Британдық бизнес Қазақстан нарығына қызығушылығын арттырып келеді. Қазір Ұлыбританияның бірнеше компаниясы елімізде жаңа жобаларды іске қосу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Олардың арасында мейрамхана желісі, су технологиялары, цифрлық инфрақұрылым және жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін компаниялар бар. Бұл туралы ол «Курсивке» берген сұхбат барысында айтқан.
Бұл туралы Ұлыбританияның Әзербайжан және Орталық Азия бойынша сауда өкілі, Лордтар палатасының мүшесі Джон Алдердайс айтты.
Оның сөзінше, британдық компаниялардың бірі Қазақстанда өз технологиясын жергіліктендіру мүмкіндігін зерттеп жатыр. Компания су ресурстарын тиімді басқаруға, инфрақұрылымды дамытуға және су шығынын азайтуға арналған шешімдер ұсынады.
«Қазақстандағы британдық инвестициялардың болашағына оптимистік көзқарастамын», – деді Джон Алдердайс.
Британдық мейрамхана желісі де келуі мүмкін
Британдық бизнесті тек өндіріс пен технология емес, Қазақстанның тұтыну нарығы да қызықтырып отыр.
Алдердайстың айтуынша, белгілі британдық мейрамхана желілерінің бірі Қазақстан нарығына шығу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Алайда ол компанияның атауын жарияламады.
«Тұтыну брендтері тарапынан да қызығушылық бар», – деді ол.
Сонымен бірге цифрлық инфрақұрылым, жаңа технологиялар және жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін британдық компаниялардың да Қазақстанға назары артып келеді. Бұл тек ірі корпорациялар емес, технологиялық шешімдер ұсынатын шағын әрі жылдам дамып келе жатқан компанияларға да қатысты.
Сирек металдар – негізгі бағыттардың бірі
Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – критикалық минералдар.
Екі ел бұл салада шикізатты тек өндірумен шектелмей, оны өңдеу және қосылған құны жоғары өнім шығару бағытында бірлесіп жұмыс істеуді көздеп отыр.
Алдердайстың айтуынша, критикалық минералдар саласындағы ынтымақтастық Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімде де қамтылған. Бұдан бөлек, екі мемлекет арнайы жол картасын қабылдаған.
Қазақстанда британдық капитал қатысатын нақты жобалар да бар. Мәселен, «Жезқазғансирекмет» британдық Maritime House Ltd. компаниясымен бес жылдық оффтейк келісімін жасады. Келісім сомасы $107 млн.
Британдық Ferro-Alloy Resources компаниясы Қызылорда облысындағы Баласауысқандық кен орнында ванадий өндіру және өңдеу жобасын дамытып келеді. Жобаның құны бұған дейін $520 млн деп бағаланған.
Жасанды интеллект бойынша да мүмкіндік бар
Ұлыбритания Қазақстанмен жасанды интеллект саласындағы байланысты да кеңейтуге мүдделі.
Әңгіме мамандар даярлау мен ғылыми зерттеулерден бастап, AI технологияларын энергетика, қаржы, денсаулық сақтау, білім беру және мемлекеттік қызметтерге енгізуге дейінгі бағыттарды қамтиды.
«Бұл жерде бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік көп», – деді Алдердайс.
Ол қазақстандық AI және технология саласының мамандарын Ұлыбритания үкіметінің Chevening бағдарламасына қатысуға да шақырды.
Соңғы жылдары британдық университеттер Қазақстандағы жұмысын кеңейтіп келеді. 2026 жылы Алматыда Coventry University кампусын, Астанада Cardiff University жасанды интеллект орталығын және Ақтөбеде Heriot-Watt University жаңа кампусын ашу жоспарлары жарияланды.
Қазақстанның транзиттік мүмкіндігі де қызықтырады
Британдық бизнес Транскаспий халықаралық көлік бағытына да қызығушылық танытып отыр. Бұл бағыт Қытай мен Еуропаны Қазақстан арқылы байланыстырады.
Ұлыбритания компаниялары инфрақұрылымды жоспарлау, инжиниринг, жобаларды қаржыландыру, логистика және кәсіби қызмет көрсету салаларында Қазақстанмен жұмыс істей алады.
Сонымен қатар әуежайларды дамыту, әуе паркін кеңейту және халықаралық рейстер санын арттыру Rolls-Royce секілді компаниялармен ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндік беруі мүмкін.
Алдердайс қазақстандық компаниялардың халықаралық капитал нарығына шығуына да мүмкіндік бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, халықаралық инвестор тартқысы келетін отандық компаниялар үшін Лондон қор биржасы осындай алаңдардың бірі бола алады.