
Қазір бірқатар квазимемлекеттік және жеке компания юаньмен облигация шығарып, Қытай нарығынан қаржы тарта бастады. Қазақстанның қытай нарығынан қарыз тартуына не себеп болғанын Кursiv.Media тілшісінің сауалына берген жауабында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтып берді.
Министрдің сөзінше, бұған негізгі себептердің бірі юаньмен шығарылатын облигациялардың пайыздық мөлшерлемесі өзге негізгі валюталарға қарағанда төмен болуы.
«Біз бағалы қағаздарды біз үшін ең тиімді шарттармен сатып алуға тырысамыз. Қытай юаніндегі облигациялар бойынша пайыздық мөлшерлемелер қазір АҚШ доллары немесе еуро сияқты басқа тұрақты валюталарға қарағанда айтарлықтай төмен», – деді Серік Жұманғарин.
Ол бұл үрдіске Қазақстанның соңғы панда-облигацияларының шығарылымын мысал ретінде келтірді. Оның айтуынша, аталған облигациялар бойынша мөлшерлеме 1,82 пайыздан басталған.
Салыстыру үшін, АҚШ долларымен қарыз тарту мөлшерлемесі 5 пайыздан жоғары, ал еуромен қарыз алу құны 4 пайыздан асады.
Серік Жұманғариннің айтуынша, мұндай айырмашылық Қытай мен басқа елдердегі инфляция деңгейі және орталық банктердің ақша-несие саясатына байланысты.
«Қытайда қалыптасқан экономикалық жағдай төмен инфляциямен сипатталады. Бұл Қытай Халық банкіне экономиканы ынталандыру саясатын жүргізіп, базалық мөлшерлемелерді төмен деңгейде ұстауға мүмкіндік береді. Сондықтан юаньмен қаржыландыру құны тартымды болып отыр», – деді министр.
«ҚазМұнайГаз» қытай нарығынан 3,5 млрд юань қарыз тартқан. Сондай-ақ Қазақстанның Қаржы министрлігі AIX биржасында қытай юанімен номинацияланған екі мемлекеттік облигация шығарылымы бойынша өтінім қабылдады. Тартылатын қарыздың жалпы көлемі 6,6 миллиард юаньды құраған еді.