Құрылтай депутаты ірі бизнесті анықтау талаптарын қайта қарауды ұсынды

Жарияланды 23 Қыркүйек 2026 13:47

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

«Ақ жол» партиясының депутаты Дәурен Ахметжаев Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жолдаған депутаттық сауалында ірі кәсіпкерлік субъектілерін анықтау тәртібін қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Депутаттың айтуынша, қолданыстағы талаптар бойынша жұмыскерлерінің жылдық орташа саны 250 адамнан асатын және жылдық орташа кірісі 3 млн АЕК-тен жоғары кәсіпкерлік субъектілері ірі бизнеске жатқызылады.

«Мәселен, кәсіпорында 250-ден астам адам жұмыс істесе, оның кірісі мен активтері ірі бизнес деңгейіне жетпесе де, ол ірі бизнеске жатқызылуы мүмкін. Біз мұндай тәсілді негізсіз деп санаймыз. Себебі жұмыскерлер саны бизнестің нақты экономикалық ауқымын көрсете бермейді», – деді Дәурен Ахметжаев.

Оның сөзінше, еңбекті көп қажет ететін салаларда қызметкерлер саны көп болғанымен, кәсіпорынның кірісі мен активтері салыстырмалы түрде төмен болуы мүмкін. Ал капиталды көп қажет ететін өндірістерде жұмысшылар саны аз болғанымен, өндіріс көлемі мен бюджетке түсетін салық мөлшері жоғары болуы ықтимал.

«Сондықтан жаңа жұмыс орындарын ашу бизнеске қосымша талаптар қоюға негіз болмауы тиіс», – деді депутат.

Дәурен Ахметжаев «Ақ жол» партиясы бұл мәселені бұған дейін де көтергенін атап өтті. Оның айтуынша, 2023 жылғы депутаттық сауалда орта бизнестің жоғарғы шегін 3 млн-нан 6 млн АЕК-ке дейін ұлғайту ұсынылған.

Депутат ірі бизнесті анықтауда негізгі өлшем ретінде кәсіпорынның жұмыскерлер санын емес, нақты экономикалық көрсеткіштерін алуды ұсынды.

«Бизнестің ауқымы жұмыскерлер санымен емес, нақты экономикалық көрсеткіштерімен анықталуы тиіс», – деді ол.

Осыған байланысты депутат жиынтық жылдық кіріс пен активтердің құнын негізгі көрсеткіш ретінде белгілеуді ұсынды. Сонымен қатар тек жұмыскерлер санына байланысты ірі бизнес санатына кірген, бірақ кірісі мен активтері бұл деңгейге жетпейтін кәсіпорындардың санын анықтап, оларды орта бизнес санатына ауыстырудың ықтимал нәтижесін бағалауды сұрады.

Депутаттың айтуынша, бұл бизнестің салықтық жүктемесін төмендетуге емес, кәсіпорындардың нақты көлемін дұрыс анықтауға және олардың өсуіне кедергі келтірмеуге бағытталған.

Ол Үкіметке жүргізілген талдау нәтижесінде Кәсіпкерлік кодекстің 24-бабына тиісті өзгерістер енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды.

Тағы да оқыңыз: Депутат түнгі заңсыз жарыстарға қатысты жазаны күшейтуді ұсынды

Сондай-ақ оқыңыз