Жеңіл атлет Алина Чистякова Азия ойындарында қола жүлде алды

Жарияланды 25 Қыркүйек 2026 17:09

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
Фото: Olympic.kz

Жапонияның Аичи мен Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Жазғы Азия ойындарында Қазақстан қоржыны тағы бір медальмен толықты. Жеңіл атлет Алина Чистякова жетісайыстан қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Бұл — Қазақстан құрамасының бүгінгі жарыс күнінде жеңіп алған төртінші жүлдесі. Отандық спортшы жеті дисциплинаның қорытындысы бойынша 5568 ұпай жинап, үздік үштіктен көрінді. 

Жетісайыс қорытындысы бойынша алтын медальды жапониялық Юри Танака (5920 ұпай) жеңіп алса, күміс жүлде тағы бір жапониялық спортшы Нанака Кадзикиге (5673 ұпай) бұйырды. 

Айта кетейік, Алина Чистякова бұған дейін де халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсетіп, 2026 жылы жабық ғимараттағы Азия чемпионатында бессайыстан чемпион атанған болатын.

Алина Чистякованың табысынан бөлек, бүгін ел қоржыны тағы үш қола медальмен толыққан еді. Алдымен мерген Ислам Сәтпаев 50 метрден үш қалыпта мылтықпен атудан жекелей сайыстың финалдық кезеңінде 348.3 ұпай жинап, үздік үштікке енді. 

Кейіннен Ирина Бакалдина, Владислава Андреева, Дарья Самоделкина және София Николайчуктан құралған семсерлесуден Қазақстан әйелдер құрамасы шпагадан командалық бәсекеде жартылай финалға өтіп, қола жүлдеге ие болды.

Сонымен қатар Ольга Шмелева, Стэлла Суханова, Татьяна Токарницкая және Эвелина Костенко өнер көрсеткен байдарка мен каноэде есуден әйелдер құрамасы төрттік байдаркамен (K4) 500 метрлік қашықтықта мәре сызығын үшінші болып кесті.

Сондай-ақ оқыңыз