
Семсерлесушілер Артем Саркисян, Нұрмұхаммед Жайлыбай, Назарбай Саттархан және Қуаныш Ерғашбай Азия ойындарында саблямен семсерлесуден командалық жарыста үшінші орын алды. Саркисян үшін бұл — қазіргі жарыстағы екінші қола медаль.
Бірінші айналымда Қазақстан құрамасы Сауд Арабиясын 45:32 есебімен жеңді. Ал ширек финалда Қытай құрамасынан 45:40 есебімен басым түсті.
Осылайша қола жүлдені алдын ала қамтамасыз еткен қазақстандықтар кемінде күміс медаль үшін өткен жартылай финалда Жапонияға 34:45 есебімен есе жіберді.
Қазақстандық рапирашылар да жүлдеге бір қадам жетпей тоқтады. София Ақтаева, Алина Искандерова және Алена Гноева тартысты кездесуде Қытай құрамасына 36:40 есебімен ұтылды.
Биылғы турнирге дейін Қазақстан Азия ойындарындағы семсерлесу жарыстарында үш алтын, төрт күміс және 13 қола медаль иеленген. Нагояда Саркисян Қазақстанға 14-қола жүлдені әкелді. 15-қола медальді шпагашы қыздар құрамасы, ал 16-қоланы сабляшылар құрамасы жеңіп алды. Кирилл Проходовтың АИ-2026 додасындағы жүлдесі Қазақстанның семсерлесуден бесінші күміс медалі болды.
Қазақстан шпагашылар құрамасы Азия ойындарында екі рет — 1994 және 2002 жылдары чемпион атанған. Сондай-ақ Дмитрий Алексанин 2018 жылғы Азия ойындарында шпагамен семсерлесуден жеңімпаз болды.
Қазақстанның сабляшылар құрамасы Азия ойындары-2026 додасында / Фото: Никита Басов / ҚР ҰОК
X жазғы Азия ойындары 19 қыркүйекте ресми түрде ашылды және 4 қазанда аяқталады. 45 елдің спортшылары қатысып жатқан жарыста 460 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан құрамасы сапында Азия ойындары-2026 додасына 35 спорт түрінен 558 спортшы қатысып жатыр.
Ойындардың алғашқы күнінде қазақстандықтар төрт алтын медаль жеңіп алды. Велошабандоздар Рината Сұлтанова мен Алексей Луценко, сондай-ақ каратешілер Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева чемпион атанды.
Қазақстан құрамасының қоржынына бесінші алтынды ММА шебері Еркінғали Бүркітәлі салды. Алтыншы алтынды аралас жекпе-жектен оның командаласы Қадырбек Шынбаев жеңіп алды.
23 қыркүйекте Луценко АИ-2026 жарысының екі дүркін чемпионы атанды. Ал 24 қыркүйекте академиялық ескек есуден ерлер арасындағы жұптық жарыста Владислав Яковлев пен Иван Чернухин жеңіске жетіп, Қазақстанға сегізінші алтын медальді әкелді.