Жеке рекордын жаңартты: Аделина Земс Азия ойындарының күмісін алды

Жарияланды 28 Қыркүйек 2026 16:13

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: olympic.kz

Қазақстандық жеңіл атлет Аделина Земс Aichi-Nagoya 2026 Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Земс 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруден финалдық бәсекеде сынға түсті. Қазақстандық спортшы қашықтықты 54,58 секундта бағындырып, өзінің жеке рекордын жаңартты.

Алтын медаль Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілі Мариам Каримге бұйырды. Ол мәреге 54,31 секундта жетіп, Азия ойындарының жаңа рекордын орнатты. Земс чемпионнан небәрі 0,27 секундқа қалып қойды.

Қола жүлдені Үндістан өкілі Витья Рамрадж иеленді. Ол 54,75 секунд нәтиже көрсетіп, өзінің жеке рекордын жаңартты.

Осылайша Аделина Земс Қазақстан қоржынына Азия ойындарының тағы бір күміс медалін салды.

Бұған дейін, ауыр атлетикадан Алексей Чуркин Азия ойындарының күміс жүлдегері атанған еді.

Сондай-ақ оқыңыз