
Қазақстан мен Таиланд астаналары арасында 2026 жылдың 11 желтоқсанынан бастап тікелей рейстер ашылады. Бұл туралы көлік министрлігі хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.
«Air Astana» авиакомпаниясы Астана – Бангкок (Таиланд) бағыты бойынша тікелей рейстерді аптасына екі рет Airbus A321LR ұшағымен орындайды.
Осылайша, жаңа әуе бағыты іске қосылғаннан кейін Қазақстан мен Таиланд арасындағы рейстердің жалпы саны 20 рейске дейін ұлғаяды.
Қазір Таиландқа мына бағыттар бойынша рейстер орындалады:
- Алматы – Пхукет, аптасына 7 рейс (Air Astana);
- Алматы – Бангкок, аптасына 9 рейс (Air Astana – 6, Thai AirAsia X – 3);
- Шымкент – Бангкок, аптасына 2 рейс (SCAT).
Айта кетейік, 15 қыркүйектен бастап Таиланд үкіметі Қазақстан азаматтары үшін визасыз болу мерзімін 60 күннен 30 күнге дейін азайтты. Сондай-ақ Таиландқа жиі қатынайтын туристердің 6 айдың ішінде елде өткізген барлық күнін қосқанда 90 күннен аспауы керек.