
Алматы облысының Боралдай ауылында «Carlsberg Kazakhstan» компаниясының алкогольсіз сусын өндіретін жаңа зауыты іске қосылды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Жобаға 344 млн доллар инвестиция салынған. Кәсіпорын жылына 1 млрд литрге дейін сусын өндіре алады. Мұнда шамамен 230 жергілікті тұрғын жұмыс істейді.
Зауытта өндірілген өнім Қазақстан нарығына жөнелтіліп қана қоймай, ТМД елдеріне экспортталады. Кәсіпорында түрлі дәмдегі сусындар мен олардың қаптамасын шығаратын бес өндірістік желі жұмыс істейді.
Қажетті шикізаттың бір бөлігі отандық өндірушілерден сатып алынады. Сонымен қатар өндірісте су, электр энергиясы мен жылуды тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін заманауи технологиялар қолданылады.
Кәсіпорынның ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, Данияның Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен және компания өкілдері қатысты.
Carlsberg Kazakhstan халықаралық Carlsberg Group құрамына кіреді. Ал Carlsberg Group өз кезегінде Данияның Carlsberg Foundation қоры мен BlackRock компаниясының иелігіндегі компания.
Тағы да оқыңыз: Қазақстанда бидайды терең өңдейтін ірі зауыт салынады