Айгүл Иманбаева неге жеке өмірді желіде көрсетуге болмайтынын түсіндірді

Жарияланды 2 Қазан 2026 12:15

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General news бөлімінің аға журналисі s.ostemir@kursiv.media
instagram.com/aigul_imanbayeva, бильд-редактор: Дастан Шанай

Актриса әрі әнші Айгүл Иманбаева жеке өмірді әлеуметтік желіде неге көрсетуге болмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Kursiv.Media.    

Оның пікірінше, жеке өміріңді, отбасыңды, бала-шағаңды әлеуметтік желіні көтеру, жарнама жасап, ақша табу үшін, хайп үшін талан-таражға салуға болмайды.

Бұрынғы видеоларына қарасаңыз, бақытты отбасы

«Күні кеше ғана танысымнан бір отбасы туралы: «Олар ажырасты деп естіп едім» деп сұрасам, ол: «жоқ, жай хайп үшін» деп жауап берді. Блогерлердің, әртістердің ажырасып кеткені, жеке өмірлері талқыға түсіп жатыр. Олардың бұрын салып жүрген видеоларын қарасаңыз, бақытты отбасы, сүйікті жар, адал күйеу. Керемет контент түсіретін қыздар мен жігіттер еді», – дейді актриса.

Айгүл Иманбаеваның айтуынша, жеке танымаса, оларды ұйып отырған отбасы деп ойлайсың. Қазір сол блогерлердің отбасында үлкен дау-дамай болып жатыр.

Бақытты адам бақыттымын деп өлсе де айғайламайды

«Меніңше, бақыт тыныштықты жақсы көреді. Бақытты адам бақыттымын деп өлсе де, әлеуметтік желіде айғайламайды. Отбасы, ошақ қасы, күйеуі мен бала-шағасын салмайды. Оны біздің қоғам керісінше түсінеді. «Неге күйеуін салмайды, неге әйелін салмайды?» деген сұрақтар туады. Өйткені ол онсыз да бақытты. Бала-шағасымен демалып жүргенін әлеуметтік желіге салмаса да бақытты. Өйткені жүрегінде тыныштық бар», – дейді актриса.

Актрисаның айтуынша, ішінде тыныштығы, үйлесімі жоқ, ішінде бір кем дүниесі бар адам сырт көзге тыраштанады. Әлеуметтік желіге керемет контент түсіреді. Бақытты сәттерін түсіреді. Бала-шағасын көрсеткіш болып келеді. Бұл – психологияда дәлелденген нәрсе.

«Бұдан бөлек, тіл-көз бар. Дуа дейсіз бе, қара күш дейсіз бе, әйтеуір тылсым бірдеңе бар. Ұйып отырған отбасының тас-талқанын шығарады. Бақытты болсаңыз, тып-тыныш, отбасыңды араластырмай-ақ, әлеуметтік желіні көтеруге болады деп ойлаймын», – дейді Айгүл Иманбаева.

Айта кететін жайт, мұның алдында Айгүл Иманбаева тұрмысқа қалай шыққанын еске түсірді.

Сондай-ақ оқыңыз