
Таяу Шығыстан шикі мұнай экспорты қыркүйектің соңында соғысқа дейінгі көрсеткіштен асып кетті. Аймақтағы кеме қатынасына жасалып жатқан шабуылдарға қарамастан, мұнай жөнелту көлемі қалпына келіп келеді, деп Kursiv Media хабарлайды.
Kpler кеме қозғалысын бақылау сервисінің алдын ала дерегіне сәйкес, 24 қыркүйекте және 27–29 қыркүйек аралығында Таяу Шығыстан шикі мұнай экспорты тәулігіне 19,5–22,5 млн баррельге жеткен. Салыстыру үшін, 2025 жылғы наурыздан 2026 жылғы ақпанға дейін өңір тәулігіне орта есеппен 18 млн баррель мұнай экспорттаған.
АҚШ пен Израильдің Иранмен соғысы 2026 жылғы 28 ақпанда басталғанға дейінгі кезең осы есепте салыстыру базасы ретінде алынған.
Экспорт қайта өсе бастады
1 қазандағы жағдай бойынша Таяу Шығыстан шикі мұнай экспортының жеті күндік орташа көлемі тәулігіне 18,5 млн баррельді құрады. Бұл есепке Ормұз бұғазы мен Қызыл теңіз арқылы тасымал, теңіз терминалдарынан жөнелту және Оман шығанағындағы танкерден танкерге мұнай ауыстырып тиеу кіреді.
Шикі мұнаймен бірге мұнай өнімдері, химиялық өнімдер және газға жатпайтын сұйық көмірсутектерді есептегенде, 30 қыркүйекке дейінгі жеті күндегі жалпы экспорт тәулігіне орта есеппен 22,4 млн баррельге жеткен.
Ормұз бұғазы арқылы тасымалданған сұйытылған табиғи газ көлемі де өсті. Қыркүйекте бұғаздан шыққан LNG жүктерінің саны ақпанда соғыс басталғалы бергі ең жоғары көрсеткішке жетті.
Ормұзда қауіп әлі жоғары
Экспорт қалпына келгенімен, танкерлер үшін қауіп сейілген жоқ. Marisks теңіз барлау компаниясы Ормұз бұғазы мен оған жақын аумақта кемелерге қатысты кемінде жеті шабуыл тіркелгенін хабарлады.
1 қазанда Kazimah III ірі мұнай танкеріне белгісіз снаряд тиіп, кемеде өрт шыққан. Экипаж мүшелері зардап шекпей, кейін кемеден эвакуацияланған. Танкер бұған дейін Оманның Рас-Марказ терминалында шамамен 2 млн баррель Кувейт мұнайын түсірген.
Соғысқа дейін Ормұз бұғазы арқылы тәулігіне шамамен 125 ірі коммерциялық кеме өтетін. Бұл бағыт әлемдегі күнделікті шикі мұнай мен LNG жеткізілімінің шамамен 20%-ына тиесілі болған.
Таяу Шығыстан жеткізілімнің артуы әлемдік мұнай бағасына да қысым жасап отыр. 5 қазан күні Brent бағасы барреліне шамамен $101,5 деңгейіне төмендеді. Нарыққа Таяу Шығыстағы экспорттың өсуімен қатар G7 елдерінің стратегиялық қорлардан мұнай шығару жоспары әсер етті.