4,5 млрд теңге: FlyArystan әуе компаниясының шығыны неге артты

Жарияланды 6 Қазан 2026 15:17

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Әуе компаниясының шығыны неге артты /Фото: flyarystan.com

Лоукостер FlyArystan авиакомпаниясы (бұрынғы «Air Kazakhstan» АҚ) 2025 жылғы қаржы есебін жариялады. Ел іші мен шетелге жолаушы тасымалын арттырып, түсімін 203,13 млрд теңгеге дейін еселегенімен, әуе компаниясы 2025 жылды 4,53 млрд теңге шығынмен жапты. Салыстырмалы түрде айтсақ, тасымалдаушы 2024 жылы да 3,57 млрд теңге шығын шеккен.

Түсім еселегенімен, шығын азаймай тұр

2025 жыл компания үшін операциялық қызметтің ауқымы кеңейіп, түсімнің күрт өсуімен есте қалды. Егер 2024 жылы авиакомпанияның жалпы түсімі 36,79 млрд теңгені құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш бірден 203,13 млрд теңгеге дейін қарғыды.

Қоржынға түскен қаражаттың негізгі көзі:

  • Әуе билеттерінен түскен түсім – 173,82 млрд теңге.
  • Ұшақтарды қайта жалға беруден – 28,28 млрд теңге.
  • Пошта мен жүкті жеткізуден – 1,04 млрд теңге түскен.

Алайда, рекорд түсімге қарамастан, әуе тасымалдаушысы пайдаға шыға алмады. Ауқым кеңейгенімен, ұшақтарды ұстау шығыны мен міндеттемелердің ауырлығы соңғы қаржы нәтижеге кері әсерін тигізген.

Билет арзан болғанымен, лизинг қымбат

Кассаға қомақты қаражат түскенімен, оны ұстап тұру шығыны одан кем түспей тұр. 2025 жылы компанияның қызметтерді жүзеге асыру бойынша өзіндік құны 187,84 млрд теңгеге жетті. Бұған әкімшілік шығындар (6,28 млрд теңге) мен өткізу шығындары (1,64 млрд теңге) қосылды.

Десе де, компания бюджетіне салмақ салған басты фактор – қаржы шығыны. Былтыр бұл бап бойынша 19,42 млрд теңге жұмсалды. Мұның ішінде басым бөлігі – әуе кемелерін арендаға алу (лизинг) келісімшарттары бойынша төленген сыйақылар (16,56 млрд теңге).

Бүгінде компания паркінде 18-ден астам әуе кемесі бар, бірақ олардың көбі жалға алу мен операциялық аренда шартымен пайдаланылады. Мұны компанияның активтер құрылымынан да көруге болады: 360,68 млрд теңгелік жиынтық активтің 208,69 млрд теңгесі – арендадағы ұшақтарды пайдалану құқығы. Ал компанияның қолындағы нақты ақшалай қаражаты 52,88 млрд теңге.

Сұраныс жоғары бағыттар

Компанияның кіріс картасына көз жүгіртсек, лоукостердің негізгі күші ішкі нарықта екені байқалады. Ел ішіндегі рейстерден түскен түсім 141,11 млрд теңгеге жетіп, жалпы табыстың басым бөлігін қамтамасыз етті.

Халықаралық бағыттар арасында Еуропа рейстері 10,66 млрд теңге, Азия және Таяу Шығыс бағыттары 6,24 млрд теңге, ал қалған шетелдік маршруттар 15,81 млрд теңге түсім алып келген.

«FlyArystan» АҚ-ның жалғыз акционері – елдегі ең ірі әуе тасымалдаушысы «Эйр Астана» АҚ (100% акция).

Ал «Эйр Астананың» меншік құрылымы мынадай:

  • «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ (мемлекет атынан) – 41%;
  • BAE Systems Kazakhstan Ltd. – 16,95%;
  • Халықаралық және отандық инвесторлар (IPO арқылы биржаға шығарылған еркін акциялар) – 42%-дан астам.

Бұған дейін FlyArystan Алматыдан Қытайдың тағы бір қаласына жаңа маршрут ашатынын хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз