Арақ көбейіп, коньяк азайған: елде алкоголь нарығы қалай өзгерді

Жарияланды 6 Қазан 2026 10:53

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
алкоголь
Арақ өндірісі 6,2%өға өскен/ kursiv.media архиві

Қазақстанда 2026 жылы алкоголь өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру көлемі әртүрлі өзгерді. Қаңтар–тамыз айларында арақ өндірісі 43,7 млн литрге жетіп, бір жылда 6,2%-ға өскен. Ал коньяк өндірісі 40,6%-ға қысқарып, 4,1 млн литрді құрады, деп хабарлайды Kursiv.media.  

Соңғы он жылда Қазақстанда арақ өндірісі екі еседен астам артқан. 2016 жылдың қаңтар–тамызында 19,5 млн литр арақ өндірілсе, 2026 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 43,7 млн литрге жетті. Әсіресе, 2021 жылдан кейін өндіріс айтарлықтай өскен, 16,2 млн литрден 2022 жылы 36,6 млн литрге дейін артқан.

Коньяк өндірісі керісінше төмендеді. 2023 жылы 13,3 млн литр болған өндіріс 2024 жылы 6,5 млн литрге, 2025 жылы 6,9 млн литрге түсті. Ал 2026 жылдың қаңтар–тамызында 4,1 млн литрді құрады. Ликер және өзге алкоголь өнімдерінің өндірісі де 10,5%-ға қысқарып, 1,7 млн литр болды.

Қаңтар–шілдеде отандық өндірушілер араққа деген сұраныстың 87,6%-ын қамтамасыз етті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 85,6% болған. Арақ және арақ өнімдерінің өндірісі 6,7%-ға өсіп, 41 млн литрге жетсе, импорт 9,6%-ға азайып, 5,8 млн литр болды. Нәтижесінде импорт үлесі 14,4%-дан 12,4%-ға төмендеді.

Жеті айда ел ішінде 46,1 млн литр арақ және арақ өнімі сатылып, ішкі нарықтағы сатылым 4,3%-ға өскен. Экспорт көлемі 685,4 мың литрді құрады.

Коньяк нарығында керісінше жағдай қалыптасты. Қаңтар–шілдеде оның өндірісі 43%-ға азайып, 3,5 млн литр болды. Импорт 45%-ға қысқарып, 1 млн литрге, ал ішкі сатылым 43,5%-ға төмендеп, 4,5 млн литрге түсті.

Алкоголь өнімдерінің бағасы да айтарлықтай өскен. Жыл басынан бері олар 12,4%-ға қымбаттады. Қыркүйекте жылдық өсім 13,9%-ды құрады. Баға өсімінің факторларының бірі – 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап акциз мөлшерлемелерінің 10%-ға көтерілуі.

Energyprom.kz мәліметінше, өңірлер арасында алкоголь ең қатты Астанада 21,8%-ға қымбаттаған. Ақмола облысында өсім 20,8%, Алматыда 18,9%, Атырау облысында 16,8% болды. Ең төмен өсім Батыс Қазақстан облысында 6,2%, Маңғыстауда 7,8% және Павлодарда  8,3% тіркелді.

Сонымен бірге халықтың алкогольге жұмсаған шығыны аздап төмендеген. Қаңтар–маусымда бір адамға шаққандағы орташа шығын 3,1 мың теңгені құрап, бір жылда 1,1%-ға азайды.

Алкогольге ең көп шығын Қарағанды облысында 6,8 мың теңге, Алматыда 6,7 мың теңге және Қостанай облысында 6,3 мың теңге болған. Алкоголь өнімдерінің бағасы өткен жылмен салыстырғанда қымбаттап отыр.

Оқи отырыңыз: Шығыс Қазақтанда 28 ауыл ішімдіктен бас тартты

Сондай-ақ оқыңыз