Қазақстан бес трансшекаралық хаб арқылы сауданы күшейтпек

Жарияланды 6 Қазан 2026 14:29

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Трансшекаралық хабартарды дамытып жатыр/ kursiv.media архиві

Қазақстанда Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай және Каспий өңірі елдерімен сауда байланысын күшейтуге бағытталған бес трансшекаралық сауда-логистикалық хаб дамып жатыр. Жобалар өндіріс пен логистиканы дамытуға, инвестиция тартуға және шикізаттық емес экспорт көлемін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Kursiv.media.  

«Қорғас – Шығыс қақпасы»

«Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақта жобалар саны 2022 жылдан бері 14-тен 69-ға дейін өсті. Тартылған инвестиция көлемі 340 млрд теңгеден 652,8 млрд теңгеге жетті. Қазір мұнда 75 млрд теңгеге 40 жоба іске асырылып жатыр, нәтижесінде 864 жұмыс орны құрылады.

2026 жылдың бірінші жарты жылында инвестиция көлемі 9,3 млрд теңгені құрайтын тағы 9 жоба тіркелді. Осы кезеңде өндірілген өнім көлемі 12,7 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 74%-ға артты.

2028 жылға дейін «Қорғаста» 577,7 млрд теңгеге 28 жобаны іске асырып, шамамен 2,8 мың жұмыс орнын құру жоспарланған.

«Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы

Оңтүстіктегі «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында 100 гектар аумақты қоршау жұмыстары аяқталды. Қазір ішкі жолдар мен инженерлік инфрақұрылым салынып жатыр. Инженерлік желілердің 55%-ы дайын, жұмыстарды 2026 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланып отыр.

Орталықтағы инвестициялық жобалардың жалпы пулы 89,4 млрд теңгені құрады. Құны 75,3 млрд теңгелік индустриялық парк жобасы бойынша құрылыс жұмыстары басталды.

Жамбылдағы индустриялық сауда-логистикалық кешен

Жамбыл облысында индустриялық сауда-логистикалық кешен үшін 165 гектар жер бөлінді. 2026 жылғы сәуірде жобаға арнайы экономикалық аймақ мәртебесі берілді.

Биыл бірінші кезектегі қосалқы станцияның құрылысы басталды. Жобаға қарастырылған 12 млрд теңгенің шамамен 4 млрд теңгесі биыл бөлінді, қалған қаражатты 2027 жылы бағыттау жоспарланған.

«Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы

Батыс Қазақстан облысындағы «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы 281 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда газ, электр, су және су бұру жүйелерін қамтитын сыртқы инженерлік инфрақұрылымның бір бөлігі тартылды.

Индустриялық аймақта асфальтбетон өндіру, автомобиль шиналарын қайта өңдеу, газобетон бұйымдарын шығару және газтурбиналық электр станциясын салу жобалары іске асырылып жатыр. Сонымен қатар «Еуразия» арнайы экономикалық аймағын құру мәселесі пысықталуда.

Ақтау халықаралық контейнерлік хабы

Ақтау портында халықаралық контейнерлік хабтың практикалық жұмысы басталды. 14 шілдеде алғашқы контейнерлік пойыз қабылданып, бүгінде 233 контейнер немесе 444 ДФЭ өңделді.

Жоба толық іске асқан кезде порттың контейнерлік жүктерді өткізу қуаты жылына 70 мың ДФЭ-ден 240 мың ДФЭ-ге дейін артады.

Каспий бағытындағы тағы бір ірі жоба – ЕРСАЙ индустриялық портының контейнерлік терминалы. Оның құрылыс дайындығы 85%-ға жетті. Терминал толық қуатына шыққанда жылына 120 мың ДФЭ өңдеп, 300 кемеге дейін қабылдай алады. Жобаға 15 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылған.

Оқи отырыңыз: Жоғары мөлшерлеме шетелдік инвесторларды Қазақстан нарығына тартып жатыр

Сондай-ақ оқыңыз