
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) Сараптама орталығы 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығындағы пайыздық мөлшерлеме нарығына шолу жасады. Сарапшылар Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендету шешімі әлі де болса елдегі нақты ақша-кредит шартының жұмсаруына әкеле қоймағанын атап өтеді.
Жылдың басында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18,0% деңгейінде ұстап келсе, маусым айынан бастап қыркүйектің соңына дейін оны біртіндеп 16,25%-ға дейін төмендетті.Негізгі көрсеткіші осы аралықта 1,75 пайыздық тармаққа азайды.
Алайда базалық мөлшерлемнің арзандауы ақша-кредит саясатының бірден жұмсаруына ықпал етпеді.
Тоғыз ай ішінде жылдық инфляция 12,3%-дан 9,3%-ға дейін баяулап (–3,0 п.т.), соның салдарынан нақты мөлшерлеме 5,7%-дан 6,95%-ға дейін өсті (+1,25 п.т.).
Бұл — биылғы ең жоғары межеге жуық көрсеткіш. Демек, базалық мөлшерлеме төмендей бастағанымен, ақша-кредит саясаты өзінің тежеуіш сипатын әлі де сақтап отыр.
Банк секторына келер болсақ, депозиттердің пайызы төмендегенімен, халыққа берілетін кредит арзандап жатқан жоқ.
Ұлттық банктің келесі қадамы қандай болады
Қалыптасқан инфляция динамикасы мен базалық мөлшерлеменің жоғары болуы Ұлттық банкке жыл соңына дейін өтетін екі отырыста оны төмендету циклді одан әрі жалғастыруға мүмкіндік береді. Дегенмен сарапшылар бас банк негізгі мөлшерлемені байыптап түсіреді деген пікірде.
Ұлттық банк шешімдеріне ең жылдам үн қосатын сала — ақша нарығы. Мұнда TONIA ставкасы пайыздар дәлізінің төмендеуіне сай қозғалып, мезгіл-мезгіл оның төменгі шегіне дейін жақындап отырды.
Бұған дейін Ұлттық Банктің Қазақстаннның қаржы тұрақтылығы туралы 2025 жылғы есебі ел экономикасының қазіргі жай-күйі мен халықтың қаржы әдеттерін айқын көрсетіп берді. Бір жағынан елдің сыртқы резерві мен алтын қоры ұлғайып, макроэкономикалық тұрақтылық сақталып отырса, екінші жағынан тұрғындардың қарыз жүктемесі артып, халықтың нақты табысы төмендеп бара жатқаны байқалады.