
Құрылтай жанынан құрылатын мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшелеріне жалақы төленбейді. Бұл жайлы брифингте Құрылтай депутаты Илья Теренченко айтты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Оның сөзінше, кеңес ақысыз негізде жұмыс істейді.
Оны құруға және қызметін қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен қаражат бөлу жоспарланбаған.
«Жалақы қарастырылмаған. Кеңес ақысыз негізде жұмыс істейді. Бюджеттен ешқандай шығын қарастырылмаған және жоспарланбайды», – деді Илья Теренченко.
Депутат кеңес жұмысының нәтижелері мен мәслихаттардан түсетін ұсыныстар қоғамға ашық жарияланатынын да айтты.
Ақпарат Құрылтайдың ресми сайтына шығады. Сонымен қатар мәслихаттар өз парақшаларында тиісті мәліметтерді жариялап отыруы мүмкін.
«Біз кеңес жұмысы барлық бұқаралық ақпарат құралына қолжетімді әрі барынша ашық болуы үшін жұмыс істейміз», – деді ол.
Бүгін Құрылтай отырысында мәслихаттармен жұмыс істейтін кеңес құру талқыланды.