
Қазақстан мен Ресей мұнай жеткізу туралы келісімді 2028 жылға дейін ұзартуға ниетті. Осы ретте Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтен Ресей мұнай өнімдерін сатқысы келмей қалса, Қазақстанда ішкі тұтынуды қамтамасыз етуге арналған баламалы бағыттардың бар-жоғын сұрады, деп жазады Kursiv.Media.
Оның айтуынша, келісімшарт талаптарына сәйкес, кез келген тарап екінші тарапқа 6 ай бұрын хабарлау арқылы құжаттың қолданысын тоқтатуға құқылы. Егер Ресей аяқ астынан Қазақстанға жанармай мен дизель сатқысы келмей қалса, Қазақстан ішкі нарықтағы сұранысты қалай жабады?
Депутат сауалына жауап берген Ерлан Ақкенженов мұндай баламалы жол бар екенін растады. Дегенмен министр бірінші кезекте мәселенің экономикалық жағына назар аудару керегін баса айтты.
Басқа елдерден, мысалы, Еуропадан мұнай өнімдерін алдыру логистикалық қиындықтар тудырады. Өйткені өнімді әуелі теңізбен жеткізіп, кейін теміржол вагондарына тиеп Қазақстанға тасу қажет.
Бұл қосымша логистикалық шығындарға алып келеді. Сонымен қатар, Еуропадағы баға Ресеймен салыстырғанда кемі 50%-ға қымбат.
«Екі ел арасындағы шекараның ұзындығы және осы шекара бойында отандық мұнай өңдеу зауыттарының орналасуы мұнай өнімдерін Қазақстан нарығына тез арада жеткізуге мүмкіндік береді», – деді министр.
Бажсыз режимді сақтау Қазақстанның ішкі нарығының мұнай өнімдерінің жекелеген түрлеріне деген сұранысын қамтамасыз ету үшін қажет.