Дата-орталық, 60 компания мен жүк тасымалы: Турловтың жеке холдингі қалай дамып жатыр

Жарияланды 8 Қазан 2026 17:15

Данил Тумашевич

Данил Тумашевич

Шеф-редактор d.tumashevich@kursiv.kz
Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: Роман Дементьев

Кәсіпкер Тимур Турловтың жеке инвестицияларын біріктіретін Turlov Private Holding Ltd. (TPH) компаниясы қолдағы активтерді дамытуға басымдық бермек. Олардың қатарында Қарағандыда жүк тасымалы хабын құру, Астанада құны кемінде 500 млн долларды құрайтын дата-орталық салу және өнеркәсіптік кәсіпорындарды дамыту бар. 60-тан астам компанияны біріктіретін холдингтің стратегиясы туралы холдинг CEO-сы Ольга Баскакова айтып берді.

Тимур Турловтың жеке холдингі тау-кен өндірісі, көлік, логистика, авиация, технология, медиа, білім беру және спорт салаларына инвестиция салады. Freedom Holding Corp. жария компаниясынан басты ерекшелігі – TPH стратегиясы негізінен ұзақ мерзімді инвестицияларға, соның ішінде қомақты капитал қажет ететін жобаларға бағытталған.

Баскакованың айтуынша, холдингтің инвестициялық портфелі үнемі өзгеріп отырады. Компания жаңа кәсіпорындар құрып, жұмыс істеп тұрған бизнестен үлес сатып алып, олардың қызметін кеңейтуге көмектеседі.

«Қазір басты міндетіміз – қолдағы жобаларды дамыту. Қысқа мерзімді кезеңде бұл портфельді диверсификациялау жоспары жоқ», – деді Баскакова.

Бұл ретте алдағы уақытта қолданыстағы жобаларды масштабқа шығаруға басымдық берілмек. Бұл ретте холдинг Қазақстан экономикасының негізгі салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктерді қарастыруды жалғастырады.

Қарағандыдағы жүк хабы және жеке әуе компаниясын дамыту

Қарағандыдағы Сарыарқа әуежайын дамыту – TPH-ның инфрақұрылым бағыттарының біріне айналған. 2024 жылы холдинг әуежайдың негізгі акцияларын сатып алып, сонымен байланысты логистика және сервистік кәсіпорындар акционерінің қатарына кірді.

Қазіргі стратегия әуежайды ірі жүк хабына айналдыруды көздейді. Ол үшін тек аэродром инфрақұрылымын ған емес, қойма кешенін, отын құю қуатын, әуе кемелеріне қызмет көрсету және теміржол қатынасын дамыту қажет.

«2026–2027 жылдары әуежайға тұрақты түрде инвестиция салуды жоспарлап отырмыз. Қазір оны cargo hub ретінде дамытып жатырмыз», – деді Баскакова.

Оның айтуынша, даму бағыттарының қатарында екінші ұшу-қону жолағының құрылысы да бар.

Логистикалық стратегияның маңызды бөлігі – Alatau AirCargo жүк авиакомпаниясы жобасы. Бұл жобада TPH-ның серіктесі – «ҚТЖ Экспресс». Жеке холдинг үшін бұл мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына қатысудағы алғашқы тәжірибе.

Таяудағы бес жыл ішінде компания кең фюзеляжды жүк ұшақтары қатарын арттыруы мүмкін. Бұл жоспарды жүзеге асыру үшін әуе кемелерін сатып алу және жалға алу қарастырылуда.

«Негізгі мақсатымыз – стратегиялық мақсаттардан бөлек, ұлттық жүк тасымалдаушы компаниясын іске қосу, оны коммерциялық тұрғыдан тиімді жоба ету», – деп түсіндірді Баскакова.

Әуежай мен авиакомпанияны дамыту стратегиясны теміржол және әуе тасымалын біріктіретін мультимодальды логистикалық шешімдермен толығады. Мұндай тәсіл әуежай айналасында біртұтас жүк инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Астанадағы құны 500 млн долар тұратын дата-центр

TPH-ның тағы бір жобасы – Астанада Akashi Data Center деректерді өңдеу орталығын салу. Кешен Tier IV сенімділік деңгейіне жобаланып, төрт корпустан тұратын болады.

Баскакованың айтуынша, жоба құны кемі 500 млн долларға бағаланған. Жоба TPH мен акционері қаражаты есебінен қаржыландырылады. Дата-орталық холдингтің капиталды көп қажет ететін технологиялық бастамаларына жатады. Оны құру Қазақстанда деректерді сақтау және өңдеу инфрақұрылымын кеңейтуге тиіс.

Бұл ретте TPH басқа да технологиялық жобаларды дамытып жатыр. Олардың арасында медициналық қызметтерді цифрландыру, соның ішінде қашықтан кеңес беру мен тексерулерді ұйымдастыруға бағытталған «Med365» медицина платформасы бар.

Бұдан бөлек, холдинг жаңа технологиялық шешімдерді құру және тестілеумен айналысатын меншікті әзірлеушілер мен R&D командаларын қалыптастырады.

Алтын, мыс, никель және өнеркәсіптік өндіріс

TPH инвестициялық портфелінің едәуір бөлігін өнеркәсіптік және тау-кен активтері алады. Холдинг алтын, мыс және никель кен орындарымен байланысты жобаларға қатысады. Алғаш рет 2023 жылы Central Asia Gold компаниясының үлесін сатып алды. Сол жылы TPH Семейдегі шикізат өндіру, қайта өңдеу және өндіріспен байланысты 20-ға жуық компанияны біріктіретін цемент бизнесіне де кірді.

Мұндай инвестициялардың ерекшелігі – ұза мерзімде жүгеге асатын жобалар. Тау-кен саласында жоба басталып, өндірісті іске қосқанға дейін шамамен он жыл өтуі мүмкін.

«Егер жер қойнауын пайдалану саласындағы жобаны алатын болсақ, жобаға кіргеннен фабриканы іске қосқанға дейін орташа цикл он жылды құрайды», – деп атап өтті Баскакова.

Осы себепті портфельдегі көптеген компаниялар әлі де белсенді инвестициялық фазада. Компания басшысының айтуынша, олардың арасында шығыны мол кәсіпорындармен салыстырғанда, табысты кәсіпорындар аз. Дегенмен, холдинг капиталды көп қажет ететін кезеңдер аяқталып, жобалар операциялық қызметке шыққан сайын активтер құны өседі деп үміттенеді.

Болашақта TPH бірнеше тау-кен компаниясын бөлек топқа біріктіріп, кейіннен қор нарыққа шығу мүмкіндігін де қарастырады.

Автомобиль бизнесінен медиа мен спортқа дейін

Өнеркәсіп пен инфрақұрылымнан бөлек, TPH қызмет көрсету сегментіндегі жобаларды дамытады.

Атап айтқанда, холдинг Freedom Drive компаниясын құрды. Компания автомобиль шиналары мен қосалқы бөлшектерін сатуға маманданған. Ол өз өнімдері мен тарату желісін дамытып, сондай-ақ Freedom SuperApp арқылы цифрлық сату арналарын пайдаланады.

Баскакованың айтуынша, болашақта Freedom Drive жария Freedom Holding Corp. құрамына интеграциялануы мүмкін. Алайда ол үшін компанияға тиісті қаржы көрсеткіштеріне қол жеткізу қажет.

Логистикалық технологияларда холдинг Relog-ты дамытып жатыр Бұл – тасымалдаушылар арасындағы өзара байланысты автоматтандыру платформасы. Қазақстаннан бөлек, компания АҚШ-ты қоса алғанда, шетелдік нарыққа шыққан.

Спорт саласындағы портфельге 2025 жылы жекешелендірілген «Шахтер» футбол клубы және балалар-жасөспірімдер футболын дамыту жобалары, соның ішінде QJ League кіреді.

Бұл ретте Баскакова жаңа жобаларды таңдау кезінде негізгі критерий – олардың коммерциялық әлеуеті болып қала беретінін атап өтті. Тіпті әлеуметтік маңызы бар бағыттарды да холдинг орнықты экономикалық модель негізінде дамытуға тырысады.

TPH инвестициялары қалай қаржыландырылады

Жобаларды іске асыру барысында Turlov Private Holding капиталдың бірнеше көзін пайдаланады. Олардың қатарында меншікті қаражат, акционерлердің қарызы, банктен алған қаржы және борыштық нарық құралдары бар.

Инвестициялық портфельдегі жеке компаниялар Астана халықаралық қаржы орталығында облигация шығару арқылы қаражат тартып жатыр.

«Нақты бір модель үшін қандай қаржы құралы пайдалы болса, соны пайдаланамыз», – деп атап өтті Баскакова.

Холдинг Қытайдан капитал тарту мүмкіндіктерін де қосымша зерделеп жатыр. Тікелей инвестициялар да, борыштық құралдар да, соның ішінде панда-облигациялар да қарастырылуда.

Баскакованың айтуынша, әлеуетті қытай серіктестермен келіссөз ұзаққа созылғанымен TPH өзінің ірі жобалары үшін қаржыландыру көздерін кеңейтуге мүдделі.

60-тан астам компания және автономиялық басқару моделі

Портфельдің ауқымдылығына қарамастан, TPH басқарушы компаниясында 30 шақты адам жұмыс істейді. Бұл инвестициялық модельдің ерекшеліктеріне байланысты: кәсіпорындар өздерінің басқарушы командаларын, қаржы қызметтерін және операциондық дербестігін сақтайды.

Баскакованың айтуынша, қазіргі компанияларды сатып алу кезінде холдинг менеджменттің кәсібилігіне ерекше назар аударып, қалыптасқан командаларды сақтауға тырысады.

TPH инвестициялық жобаларда бақылаушы үлесті алуға басымдық бергенімен, миноритар акционер ретінде де қатысады. Инвестиция көлемі мен қатысу дәрежесі әрбір бизнес үшін бөлек айқындалады.

Интеграцияланған қаржы экожүйесін дамытатын Freedom Holding Corp.-тан айырмашылығы, Турловтың жеке холдингі әртүрлі салалардың компанияларын біріктіреді. Бұл ретте Сарыарқа әуежайы, жүк авиакомпаниясы және логистикалық сервистер секілді, жекелеген активтер арасында бірлесіп дамудың қосымша мүмкіндіктері туындайды.

Turlov Private Holding Ltd. – 2021 жылғы 19 шілдеде құрылған және Астана халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясында тіркелген жеке инвестициялық компания. Холдинг Freedom Holding Corp. негізін қалаушы әрі CEO-сы, кәсіпкер Тимур Турловтың жеке инвестициялық активтерін біріктіреді.

TPH акциялары америкалдық Nasdaq биржасында саудаланатын жария Freedom Holding Corp.-тан бөлек. Жеке холдинг өнеркәсіп, инфрақұрылым, көлік саласы, логистика, технологиялар, медиа, білім беру және спорт саласына ұзақ мерзімді инвестиция салады. TPH портфелі 60-тан астам компанияны қамтиды. Инвестициялық жобалардың негізгі бөлігі Қазақстанда шоғырланған. Холдингтің CEO-сы – Ольга Баскакова.

Сондай-ақ оқыңыз