
Францияда суретші Огюст Ренуардың Кань-сюр-Мер қаласындағы музейден ұрланған екі картинасы табылды, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Associated Press агенттігі хабарлауынша, қыркүйек айының басында ұрылар музейге терезе арқылы кіріп, суретшінің төрт туындысын алып кеткен. Қылмыскерлер ғимарат қоршауын кесіп өтіп, қашып кетуге тырысқан. Олар қашқан уақытта ұрланған картиналардың бірі жерге түсіп қалған, ал қалған үшеуін алып кеткен.
Алайда кейінгі мәлімет бойынша, қылмыскерлер қашу кезінде тағы екі картинаны тастап кеткен. Тергеушілер «Мадам Колонна Романоның портреті» және «Құдық басындағы жас әйел» туындыларын тапты. Оларды іздеу барысының егжей-тегжейі әзірге жарияланған жоқ.
Аймақтық прокуратураның мәліметінше, ұрылар музейдегі ең құнды картиналарды таңдаған. Қылмысқа үш минуттан аз уақыт кеткен.
Соңғы уақытта Еуропада өнер туындыларын ұрлау оқиғалары жиілеген. Биыл наурызда Италияның Парма қаласы маңындағы музейден Ренуар, Сезанн және Матисс картиналары ұрланды. Ал Франциядағы Lalique музейінен шілдеде 20-ға жуық зергерлік бұйым қолды болған.
2025 жылғы қазанда Париждегі Лувр музейінен де ұрлық жасалды. Қылмыскерлер жеті минут ішінде француз императорлық әулетіне тиесілі сегіз әшекейді алып кеткен.