
Қазақстанда азаматтардың табысы мен шығысына қатысты деректер ақпараттық жүйелер арқылы салыстырылады. Егер адамның шығыны ресми табысынан айтарлықтай асып кетсе, салық органдары одан түсініктеме сұратуы мүмкін. Бұл туралы қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп жазады Kursiv.Media.
Вице-министрдің сөзінше, мысалы, азамат соңғы екі-үш жылда бірнеше үй немесе бес-алты көлік сатып алып, алайда ресми табыс көзін көрсетпесе, бұл салық органдарының назарын аударуы мүмкін.
«Егер адамның үйі, пәтері, бес-алты көлігі болса, оларды соңғы екі-үш жылда сатып алса, бірақ ешқандай табыс көзі, жалақысы болмаса, әрине, тиісті сұрақтар туындайды», – деді Әсет Тұрысов.
Оның айтуынша, мұндай жағдайларда қолданыстағы Салық кодексінде көзделген тәртіп қолданылады. Салық органдары жеке және заңды тұлғалардан қажетті мәліметтерді сұратуға бұрыннан құқылы.
Сонымен қатар, вице-министр үлкен деректерді (Big Data) пайдалану азаматтарға салық міндеттемелерін түсінуге және декларацияларды артық толтырмауға көмектесетінін атап өтті. Жүйе есептелген салық сомасының қалай қалыптасқанын түсіндіруге де мүмкіндік береді.
Ал азамат табыс көзін растай алмаған жағдайда қолданылатын нақты шаралар туралы Әсет Тұрысов толық ақпарат бермеді. Оның сөзінше, бұл мәселені мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері нақтылай алады.
Вице-министр тиісті бағыттағы жұмыстар соңғы бір жарым жыл бойы жүргізіліп келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, егер азаматтың табысы мен шығысына қатысты сұрақтар туындамаса, алаңдауға негіз жоқ.