
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) кіретін 10 ірі донор ел 2025 жылы халықаралық көмек көлемін 23,1%-ға қысқартты. Бұл туралы Our World in Data деректерінде айтылған, деп жазады Kursiv.Media.
Сол себепті дамушы елдерге бағытталған қаржы 2024 жылғы 212 млрд доллардан 163 млрд долларға дейін азайды. Ең үлкен қысқарту АҚШ-та тіркелді: елдің халықаралық көмек көлемі 65,3 млрд доллардан 28,3 млрд долларға дейін төмендеді. Германия да қаржыландыруды 21,1%-ға азайтып, 26,2 млрд долларға дейін қысқартты.
Finprom.kz мәліметінше, Қазақстанға көрсетілетін көмек те азайды. 2024 жылы еліміз 84,4 млн доллар халықаралық көмек алса, АҚШ-тан түскен қаржы 2025 жылы 15,8 млн долларды құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 40,9%-ға аз. Қысқаруға АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің (USAID) жабылуы да әсер еткен.
Қазақстанға бөлінген қаражаттың бір бөлігі үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға және БҰҰ-мен бірлескен даму бағдарламаларына бағытталды.
Орталық Азия елдерімен салыстырғанда Қазақстан алатын халықаралық көмектің көлемі әлдеқайда аз. Мәселен, 2024 жылы Өзбекстан 2,6 млрд доллар, Тәжікстан 545 млн доллар, Қырғызстан 387 млн доллар көмек алған.
Жалпы, халықаралық көмектің қысқаруы әлеуметтік, медициналық және даму бағдарламаларын сыртқы қаржыландыруға тәуелді елдерге көбірек әсер етуі мүмкін. Ал Қазақстанға ықпалы салыстырмалы түрде шектеулі болады деп күтіліп отыр.
Оқи отырыңыз: Британдық компаниялар Қазақстанда жаңа жобаларды қарастырып жатыр