
iPhone-ды күнделікті қолданғанда байқамай зиян келтіріп алу оңай. Мысалы, суға түсіп кеткен телефонды күрішке салу оны құтқармайды, ал мотоциклге бекітіп жүру камерасын істен шығаруы мүмкін. AppleInsider.ru басылымы iPhone-ның қызмет ету мерзімін қысқартатын 8 қателікті атады.
1. Телефонды мотоциклдің руліне бекіту
Мотоцикл қозғалтқышынан туындайтын күшті діріл iPhone камерасының оптикалық тұрақтандыру жүйесіне және автофокусына зақым келтіруі мүмкін. Соның салдарынан суреттер бұлыңғыр түсіп, камера нысанға дұрыс фокус жасай алмай қалуы ықтимал.
Apple қуатты мотоциклдерді жүргізгенде смартфонды рульге немесе жақтауға бекітпеуге кеңес береді. Ал велосипед пен электрсамокат пайдаланғанда дірілді бәсеңдететін арнайы ұстағыш қолданған жөн.
2. Көліктің лидарына камераны жақындату
Кейбір заманауи көліктерге орнатылған LiDAR жүйесі инфрақызыл лазер арқылы айналаны сканерлейді. Мұндай сәуле смартфон камерасының кескін сенсорын зақымдап, суретке сапасыз түсіруіне әкелуі мүмкін.
Сондықтан көліктің төбесіндегі LiDAR құрылғысын iPhone камерасымен, әсіресе үлкейтіп түсіретін объективпен, жақыннан түсірмеген дұрыс.
3. iPhone-ды душқа немесе саунаға алып кіру
Көптеген жаңа iPhone суға төзімді болғанымен, бұл оларды кез келген жағдайда пайдалануға болады дегенді білдірмейді. Apple смартфонды душқа, моншаға немесе саунаға алып кіруге кеңес бермейді. Ыстық бу, жоғары температура және қысыммен шашыраған су құрылғыға зиян келтіруі мүмкін.
Бұған қоса, телефонның суға төзімділігі уақыт өте келе төмендейді. Ал сұйықтықтан болған зақым кепілдік бойынша тегін жөндеуге жатпауы мүмкін.
4. Су тиген телефонды күрішке салу
Телефон суға түсіп кетсе, оны күрішке салып кептіру керек деген кеңес кең тараған. Алайда Apple мұндай әдісті қолданбауға шақырады. Күріштің ұсақ бөлшектері қуаттау ұясына кіріп, құрылғыны зақымдауы мүмкін.
Смартфон суланса, мына әрекеттерді орындаған жөн:
- Қуаттау кабелі мен басқа аксессуарларды ажыратыңыз.
- Телефонды қуаттау ұясы төмен қарап тұратындай етіп, алақаныңызға ақырын соғып, артық суды шығарыңыз.
- Құрылғыны құрғақ, ауа жақсы айналатын жерге кемінде 30 минутқа қойыңыз.
- Сұйықтық анықталды деген ескерту кетпесе, кептіру үшін 24 сағатқа дейін күтіңіз.
Телефонды фенмен кептіруге, қуаттау ұясына қысыммен ауа жіберуге болмайды. Сондай-ақ қуаттау ұясын мақта таяқшасымен тазалауға болмайды.
5. МРТ аппаратының жанында телефонды пайдалану
Магнитті-резонанстық томография (МРТ) аппараты мен криогендік жабдықтарда қолданылатын гелийдің жоғары концентрациясы iPhone жұмысына кедергі келтіруі мүмкін. Apple өз нұсқаулығында сұйытылған газдардан бөлінетін гелий сияқты заттар құрылғының жұмысына әсер етуі ықтимал екенін ескертеді.
Сондықтан МРТ аппараты немесе криогендік жабдық орналасқан жерде жұмыс істейтін адамдар телефондарын арнайы бөлінген қауіпсіз аймақта қалдырғаны дұрыс.
6. MagSafe қапшығында қонақүйдің кілт картасын сақтау
MagSafe магниттері бар әмиян-қапшықтарда банк карталарын, рұқсатнамаларды немесе қонақүйдің кілт картасын бірге алып жүру ыңғайлы. Бірақ магнит өрісі кейбір карталардың магниттік жолағына немесе RFID чипіне әсер етуі мүмкін.
Apple мұндай карталарды телефон мен магнитті аксессуардың арасына орналастырмауға кеңес береді. Сондықтан қонақүй кілтін немесе уақытша рұқсатнаманы MagSafe әмиянында сақтағанда абай болған жөн.
7. Құпиясөзді бөтен адамға көрсетіп алу
iPhone-ның құлпын ашатын кодты қоғамдық орында тергенде, оны айналадағы адамдар байқап қалуы мүмкін. Ұрылар телефонды алып қана қоймай, құпиясөзді біліп алған жағдайда Apple аккаунтына кіруге, сақталған құпиясөздерді көруге және құрылғыны қайта баптауға тырысуы ықтимал.
Қауіптің алдын алу үшін қоғамдық жерде телефонды Face ID арқылы ашқан дұрыс. Сондай-ақ баптаулардан «Ұрланған құрылғыны қорғау» функциясын қосып қойған жөн. Ол маңызды әрекеттер үшін қосымша биометриялық растауды талап етеді.
8. Қосалқы iPhone-ды ұзақ уақыт қуатсыз қалдыру
Пайдаланылмайтын ескі телефонды немесе сатуға дайындалған iPhone-ды ұзақ уақытқа сақтауға қойғанда да аккумуляторды ескерген жөн.
Apple құрылғыны ұзақ уақыт сақтағанда батарея қуатын шамамен 50%-ға жеткізіп, телефонды өшіріп, салқын әрі құрғақ жерде ұстауға кеңес береді. Батареяны толық қуатсыз күйде қалдыру оның терең разрядталуына әкелуі мүмкін. Ал 100% қуатпен ұзақ сақтау аккумулятор сыйымдылығының төмендеуіне ықпал етеді.
Егер телефон алты айдан ұзақ пайдаланылмаса, Apple оны әр алты ай сайын 50%-ға дейін қуаттап отыруды ұсынады.
Тағы да оқыңыз: Жаңа iPhone-ға ақша жұмсамай-ақ, ескі смартфонды жаңартудың жолдары.