
Үкіметтегі брифингте қаржы министрі Мәди Такиев қорғаныс министрлігіне бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуы қалай қадағаланатынын айтып берді, деп хабарлайды Kursiv.media.
«Біз бюджетті жоспарлаймыз. Онда қандай заттар қажет, нені сатып алуы керегі көрсетіледі. Соған қарай біз қаражатты жоспарлаймыз. Ал тиімділігін, яғни қалай жұмсағанын өзіміз тексереміз. Қаржы министрлігінде ішкі аудит жасайтын комитеттер бар. 2023 жылы тексеріс болды. 2026 жылдың 9 айының тексерістері болды. Олар жеке бөлімдерге қатысты жүргізілді. Қателіктер мен бұзу жайлы деректер болды. Ол жайлы есеп те бердік», – деді Такиев.
Оның айтуынша, қорғаныс министрігінде қаражаттың тиімді жұмсауын тексеретін комиссияға министрлік аудиторлары енген. Бұл комиссия Маңғыстауда 14 сарбаз қайтыс болған соң құрылып, президент тапсырмасымен іске кіріскен еді.
«Бүгінгі таңда комиссия құрамына қаржы министрлігінен де мамандар кірді. Біз 61 аудитор бөлдік. Қазір 50 әскери бөлімде тексеріс болып жатыр. Әлі уақыт бар. Нәтижесін көреміз. Егер бұзулар болса, басқа құзырлы органдарға жібереміз. Өткен 9 ай бойынша 5,4 трлн теңгеге бұзушылықтар анықталды. Ол бойынша біз қаржы мониторинг агенттігіне ақпарат жібердік»,- деді Мәди Такиев.
Тағы да оқыңыз: «Армия өткен ғасырда қалып кеткен»: ақылы әскерге бюджеттен қанша қаржы керек